2026 жылдың 21-ақпан күні, сағат 11.00-де ҚР Ұлттық орталық музейінде «Алтын Орда» экспозициялық залының таныстырылымы өтеді.
Залды құрудағы басты мақсат – Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейіне келушілерді Алтын Орданың тарихы мен мәдениетімен таныстыру, сондай-ақ оның қазақ мемлекеттілігінің бастауы ретіндегі рөлін айқындау. Экспозиция аталған кезеңнің бай тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныстырып, Қазақстанды Алтын Орданың тікелей мұрагері ретінде танытуға бағытталады.
Экспозицияда Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі қорларынан алынған XIII–XIV ғасырларға жататын, Алтын Орданың мәдениеті мен тұрмысын бейнелейтін 200-ге жуық артефакт ұсынылады.
Аталмыш залдың ашылуы тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразияның мәдени және идеологиялық кеңістігі үшін айрықша мәнге ие маңызды тарихи сәт, қазақ мемлекеттілігінің бастауларын жүйелі түрде жаңаша пайымдауға бағытталған стратегиялық маңызы бар оқиға.
Жошы Ұлысының мұрасын ғылыми негізде таныту – тарихи әділеттілікті қалпына келтірумен қатар, мемлекеттілік сабақтастығын нақты деректер арқылы дәлелдейтін маңызды қадам.
Әлемдік тарихнамада Алтын Орда деген атпен белгілі мемлекет XIII–XV ғасырларда Еуразия кеңістігіндегі ең ірі әрі ықпалды мемлекеттердің бірі болды. Ол Ұлы дала халықтарының саяси ұйымшылдығын, этникалық қалыптасуын және мәдени дамуын жаңа деңгейге көтеріп, құрлықаралық тарихи үдерістердің бел ортасында тұрды.
Дәл осы кезеңде көшпелі қоғамға тән жоғары ұйымдасқан мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасты. Құқықтық тәртіп, әскери құрылым, дипломатиялық мәдениет орнығып, бұл басқару тәжірибесі кейін Қазақ хандығы дәуірінде заңды жалғасын тапты. Бұл – қазақ мемлекеттілігі кездейсоқ құбылыс емес, терең тарихи эволюцияның нәтижесі екенін айқын көрсетеді.
Қазіргі Қазақстан аумағы Алтын Орданың негізгі саяси, экономикалық және мәдени өзегі болды. Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қазақ хандығы және олардың ұрпақтары Алтын Орданың мемлекеттілік дәстүрінің тікелей мұрагерлері саналады. Бұл – Алтын Орда мен Қазақ хандығы арасындағы үзілмес тарихи сабақтастықтың айқын дәлелі.
Алтын Орда мұрасы – бұл өткен тарихтың сарқыншағы емес, қазіргі Қазақстанның ұлттық бірегейлігін, тарихи жады мен егемендік идеясын нығайтатын берік рухани тірек.
Зал төмендегідей негізгі бөлімдерден тұрады.
XIII–XIV ғасырлардағы қалалық мәдениет бөліміне Алтын Орда тұрғындары мен билеушілері пайдаланған тұрмыстық бұйымдар мен зергерлік әшекейлер қойылады. Сондай-ақ келушілер назарына Алматы облысындағы Шеңгелді елді мекені маңынан табылған XIII–XIV ғасырларға жататын Шағатай әулетінің жоғары көшпелі ақсүйектеріне арналған салтанатты киімдердің жібек маталарының фрагменттері және осы кезеңнің материалдық мәдениеті мен саяси құрылымын айқындайтын өзге де жәдігерлер ұсынылады.
Алтын Орданың әскери өнері бөлімінде әскери киім мен қару-жарақтың фрагменттері, соның ішінде жебе ұштары, қылыш, қорамсақ және басқа да қару түрлері көрсетіледі.
Мемлекеттік құрылым бөлімі Алтын Орданың мемлекеттік жүйесіне арналып, оның билеушілерінің шежіресін және Қазақ хандығымен тарихи сабақтастығын ашады.
Жәдігерлермен қатар экспозицияны қалыптастыру барысында картографиялық материалдар, бейне және аудио контент, фотоматериалдар кеңінен пайдаланылып, заманауи музейлік технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктері де кең қолданылады.
Экспозициялың құрал-жабдық, заманауи витриналар – түгел отандық өнім, осы залды жасаған бас мердігер – «Арлем.kz» компаниясының өз цехтарында жасалған.
«Алтын Орда» экспозициялық залының жалпы аумағы – 370 шаршы метр.