Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық Консерваториясының Ректорының шақыруымен Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында "Вокалдық өнер" кафедрасының студенттердің орындауындағы төрт актілі «Абай» операсының премьерасын тамашалау бақыты бұйырды.
Бұл — қазақ руханиятының биік шыңы, Ұлы ойшыл, ағартушы, ақын, композитор Абай Құнанбайұлы мұрасына тағзым еткен ерекше кеш болды.
Қазақ халқының ұлттық опера өнеріндегі жауһар туынды — «Абай» операсы алғаш рет 1944 жылы сахналанып, либреттосын көрнекті жазушы Мұхтар Әуезов пен Әбділда Тәжібаев жазған. Операның музыкасын қазақ кәсіби музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди дүниеге әкелген. Бұл шығармада Абайдың гуманистік, ағартушылық идеялары, әділет пен махаббат жолындағы күресі терең бейнеленеді.
Қойылым барысында Абайдың әндері опералық орындауда жаңаша тыныс алып, көрермен жүрегіне ерекше әсер сыйлады. Абайдың: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген ұлы қағидасы сахнадағы әр көріністен сезіліп тұрды.
Драматургиялық тұрғыдан аса күрделі қойылым Консерватория студенттерінің орындауында таңғажайып деңгейде сахналанды. Қойылымның басты кейіпкері — Абай бейнесін сомдаған жас талант Алихан Бейсеков көрерменнің ерекше ықыласына бөленіп, әр акт сайын ұзақ қол шапалақ пен «Браво!» дауысына ие болды. Оның орындауындағы Абай — тек тарихи тұлға емес, халықтың жан дүниесін арқалаған рухани символ ретінде көрінді.
Сахнада жаңа буынның үлкен өнерге дайын, қалыптасқан жас жұлдыздары жарқырады. Олар Абай әлемін жаңа интерпретацияда, терең философиялық және эмоционалдық қырынан аша білді. Қойылым минималистік сахналық шешімдермен, бірнеше ғана тұрмыстық декорация элементтері арқылы жүзеге асқанымен, көркемдік қуаты аса жоғары болды. Бір актіден екіншісіне табиғи ауысқан жас әртістердің пластикасы мен сахналық мәдениеті үйлесімділік пен кәсібиліктің үлгісін көрсетті.
Абай шығармашылығы — қазақ халқының рухани коды. Оның «Қара сөздері» мен поэзиясында ғылым, білім, ар-ұят, әділет, еңбек, адамгершілік мәселелері терең қозғалған. Бүгінгі кеште сол ұлы мұраттар музыка мен опера өнері арқылы қайта жаңғырғандай болды.
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба»
деген Абай өсиеті жастардың өнерге деген адалдығынан анық сезілді.
Қазақ тіліндегі Абай әндері зал ішін тербеп, жүректердің ең нәзік пернелерін қозғады. Көрермендер өткен тарихты, халық тағдырын, ұлттық өнер мен рухани құндылықтарды қайта сезінгендей болды. Көздерге жас үйіріліп, жүректер тебіренді. Бұл — тек спектакль емес, халық жадымен, ұлт рухымен қауышқан рухани кеш еді.
Абай операсындағы негізгі партиялар — Абай, Ажар, Айдар, Жиренше, Нарымбет, Қарлығаш бейнелері арқылы қазақ қоғамындағы тартыс, махаббат, әділет пен зұлымдықтың күресі терең ашылады. Әсіресе Абай мен Айдардың ариялары, Ажардың лирикалық партиялары ұлттық опера өнерінің алтын қорына енген.
Қойылым аяқталған соң зал орындарынан тік тұрып, ұзақ уақыт бойы қол соғып, «Браво!» деп қошемет көрсетті. Мұндай ықылас кейде тіпті Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры сахнасында да сирек кездеседі.
Болашақта Қазақ Опера өнерінің абыройын асқақтататын дарынды студенттерге, олардың кәсіби қалыптасуына үлес қосқан ұлағатты педагогтерге, режиссерлерге, сценаристерге, вокалистерге, дирижер мен концертмейстерлерге шексіз алғыс білдіремін!
Ұлы Абай айтқандай:
«Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған».
Абай мұрасы — мәңгілік. Ал бүгінгі жас өнерпаздар сол мәңгілікті сахнада қайта тірілтті. Менің туған Інімнің аты Абай, өкінішке орай өте ерте өмірі үзілді. Бүгін Абай інімді елестетіп көргендей болдым, жас жігіттердің ортасында тұрғандай, күлкісі де, денесі де, қимылдары ерекше еді. Спектакль аяқталғаннан кейін сахнаға көтеріліп, Абай інімді іздеп, табалмай, көзіме көрінбей кетті.
Жастарға алғысымды, шын жүректен ризашылығымды білдіріп, Гаухар Тасбергенова Ректор-ханымға алғысымды айтып, профессор-оқытушылар көрермендермен бірге фотоға түсіп, бір-бірін құшақтап, қоштасып тарқадық.
Браво! Браво! Браво!
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы Өкілдігінің Саяси ынтымақтастық басқармасының басшы
Алмаша Арыстанқызы Аренова