2026 жылы 24 шілде күні сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің ұйымдастыруымен, Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласындағы Чжэцзян провинциялық музейінде «ҰЛЫ ДАЛА КӨШПЕЛІЛЕРІНІҢ МӘДЕНИЕТІ» халықаралық көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Жоба Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы музей ісі саласындағы халықаралық мәдени ынтымақтастық және тәжірибе алмасу аясында, «Beijing J&Y Eloquence Culture Communication Co., Ltd.» («Пекин мәдени коммуникациялар компаниясы Циньянь Цзие») қолдауымен дайындалды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде аса бай археологиялық коллекция жинақталған. Солардың ішінде Қазақстан аумағын мекендеген ежелгі және ортағасырлық көшпелі тайпалардың мәдениетін бейнелейтін, Ұлы дала өркениетін құрған көшпелілер мәдениетінің сан алуан қырларын сипаттайтын жәдігерлер ерекше орын алады. Коллекциялардың бір бөлігі Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінің археологиялық экспедициялары барысында табылса, енді бір бөлігі қазына көмбелерінен немесе кездейсоқ табылған кешендерден жинақталған болатын.
Көрме экспозициясы өзара байланысты үш негізгі бөлімнен тұрады:
- қола дәуіріндегі адамзат қызметінің жетістіктерін бейнелейтін археологиялық жәдігерлер;
- ерте темір дәуіріндегі көшпелілер мәдениеті;
- түркі тайпаларының материалдық мәдениеті және Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалық мәдениеттер.
І-кешен – «Қола дәуірі (б.з.д. XVIII–IX ғғ.)».
Бұл кезеңдегі тайпалар өзен жағалауларында қоныстанып, малшаруашылығымен, егіншілікпен, қола металлургиясымен және керамика өндірісімен айналысқан. Көрмеге осы кезеңдегі Орталық Қазақстан ескерткіштерінен табылған зергерлік бұйымдар – сырғалар, білезіктер мен сақиналар қойылады. Сонымен қатар, Жетісу өңірінен көмбе түрінде табылған металл еңбек құралдары – балталар, найза ұштары, қашаулар мен орақтар ұсынылады.
ІІ-кешен – «Ерте көшпелілер мәдениеті (б.з.д. VIII ғ. – б.з. III ғ.)» темірдің игеріліп, кеңінен қолданыла бастаған кезеңін қамтиды. Бұл бөлімде ұсынылған археологиялық жәдігерлер сақ, үйсін, ғұн (сюнну) және қаңлылар мәдениетін хронологиялық жүйемен көрсетеді.
Бұл бөлімнің экспозициясында үш археологиялық реконструкцияны ерекше атап өтуге болады. Олар:
- «Алтын адам» (б.з.д. IV–III ғғ., Есік қорғаны, Алматы облысы; реконструкция авторлары – К.А. Ақышев пен А.А. Ақышев, орындаушы – Қырым Алтынбек);
- «Қаңлы мемлекетіндегі ақсүйек әйелінің киімі мен әшекейлерінің реконструкциясы» (б.з.д. II ғ. – б.з. IV ғ.; авторы – профессор А.Н. Подушкин);
- «Сюнну (Ғұн) ақсүйек жауынгерінің қару-жарағы мен киімдерінің археологиялық реконструкциясы» (б.з.д. II ғ. – б.з. I ғ.; авторы – профессор А.Н. Подушкин).
Сонымен қатар көрме экспозициясын сақтар мен үйсіндердің ғұрыптық заттары – қазандар мен шамдалдар, шамдар толықтырады. Олардың көпшілігі жетісулық сақ шеберлерінің «аң стиліндегі» зооморфтық бейнелерімен безендірілген. Көрмеде Шілікті қорғанынан (Шығыс Қазақстан) табылған алтын бұйымдар, сондай-ақ «Жалаулы» және «Қарғалы» көмбелерінен (Алматы облысы) шыққан алтын әшекейлер ұсынылады. Бұл жәдігерлер жасалу техникасы мен шынайылығы жағынан «аң стилінің» үздік үлгілері болып саналады.
Оңтүстік Қазақстандағы Арыс өзені аңғарындағы қорымдар мен қоныстардан табылған жәдігерлер кешені де ерекше қызығушылық тудырады. Бұл кешен ерте көшпелілердің тағы бір этносаяси бірлестігі – қаңлылар мәдениетінің жергілікті этникалық ерекшеліктерін көрсетуге арналған. Көрменің осы бөлігіне ерекше пішінді және өрнекті керамикалар, әшекейлер, қару-жарақ, тұрмыстық және ғұрыптық заттар, зооморфтық және антропоморфтық мүсіндер, сондай-ақ палеографиялық материалдар – жазуы бар қыш тақташалардың сынықтары (б.з.д. II ғ. – б.з. IV ғ., Құлтөбе қалашығы, Оңтүстік Қазақстан) енген.
ІІІ-кешен – «Түркі тайпаларының материалдық мәдениеті және Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалық мәдениеттер».
VI ғасырдан – XIII ғасырдың басына дейін Қазақстан аумағында бірін-бірі алмастырған Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ қағанаттары өмір сүрді. Түркі тайпаларының материалдық мәдениеті олардың негізгі шаруашылық кәсібі – малшаруашылығымен айқындалады. Ол көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы түрде дамыған болатын.
Орта ғасырларға тиесілі металл бұйымдар Орталық Азия көшпелілерінің қуаты мен рухани өмірінің белгісі болды. Бұл олардың дүниетанымында, мифологиясында, эпосында және діни сенімдерінде көрініс тауып, VI – XIII ғасырлардағы түркі мәдениетінің маңызды дереккөзіне айналды.
Көрме экспозициясында Зевакин және Бобров қорымдарынан (Шығыс Қазақстан) табылған торевтика үлгілері ұсынылады. Олар орта ғасырлардағы Қимақ қағанатының әлеуметтік рөлін көрсететін болады.
XIII – XIV ғасырларда Қазақстан аумағында Жошы ұлысы (Алтын Орда) мен Шағатай ұлысы сияқты мемлекеттік құрылымдар пайда болды. Олар кейін Ақ Орда, Моғолстан, Әбілқайыр хандығы, одан кейін Қазақ хандығының қалыптасуына негіз болды. Осы мемлекеттер дәуірінде Қазақстанның оңтүстігін Батыс Қазақстан арқылы Еділ бойымен байланыстырып, Үндістан мен Қытайға баратын керуен жолдарымен жалғастырған сауда қатынастары қарқынды дамыды.
Көрмеде Алматы облысы Шеңгелді ауылы маңынан табылған, болжам бойынша Шағатай әулетіне жататын белгісіз ақсүйектің жерлеу орнынан шыққан XIII ғасырдың соңы – XIV ғасырдың басына тән жібек маталардың фрагменттері ұсынылады.
Қазақстанның оңтүстігіндегі қалалардың қайта жандануы, егіншілік пен малшылықтың дамуы шаруашылық байланыстар мен сауда қатынастарының артуына ықпал етті. XIII ғасырдың екінші жартысы – XIV ғасырдың басында Орта Азиядан Жетісу арқылы Алтай мен Моңғолияға жетіп, Моңғол ұлыстарының орталықтарын қамтамасыз еткен сауда жолы маңызды рөл атқарды. Сауданың негізгі тауарлары – жібек маталар, сүйек пен металдан жасалған әсем бұйымдар, зергерлік әшекейлер болды. Транзиттік және ішкі сауданың дамуы ақша айналымының қалыптасуына әсер етті. Отырар, Тараз, Самарқанд, Хорезм, Алмалық, Гүлістан, Сарай әл-Жадид, Сарай әл-Махруса секілді қалалардың теңге сарайларында алтын, күміс және мыс теңгелер соғылды. Көрме экспозициясында сауда қатынастарының басты дерек көздері ретінде ҚР Ұлттық орталық музейінің бірегей нумизматикалық коллекциясы ұсынылады.
Көрме экспозициясы бірнеше ақпараттық блоктан тұрады. Оның ішінде ғылыми-көмекші материалдар – карталар, ескерткіштердің орналасу сызбалары, фотосуреттер, реконструкциялар және т.б. қамтылған.
Көрмеде Ұлы дала көшпелілерінің мәдениеті туралы ақпарат беретін 279 бірегей археологиялық жәдігерлер ұсынылады.
Көрме Қытай Халық Республикасының Ханчжоу қаласындағы Чжэцзян провинциялық музейінде 2026 жылғы 11 қазанға дейін жалғасады.