2026 жылдың 2 қазанында Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде музей ғимаратының 50 жылдығына арналған «Сәулеттің жанды болмысы» атты көрме-зерттеу жобасы ашылады.

Осыдан 50 жыл бұрын Алматыда Қазақ КСР Мемлекеттік өнер музейінің ғимараты – арнайы өнер үшін бой көтерген бірегей кеңістік есігін айқара ашқан еді. Ғимараттың мерейтойына орай Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі алғаш рет бір көрмеде сәулеттік сызбаларды, архив құжаттарын, құрылыс пен музей тынысы таспаланған фотосуреттерді, ашылу салтанатына тарту етілген өнер туындыларын, газет мақалалары мен афишаларды және ғимараттың елу жылдық тарихынан сыр шертетін өзге де жәдігерлерді бірге ұсынады.

Музейдің қазіргі ғимаратының тарихы 1965 жылы ҚазКСР Министрлер Кеңесінің Т.Г. Шевченко атындағы Мемлекеттік көркемсурет галереясының жаңа ғимаратын жобалау туралы өкімінен бастау алады. Архив материалдары мамандандырылған көркемсурет музейінің, яғни тек көрме кеңістігі ретінде ғана емес, сонымен бірге коллекцияларды сақтауға, зерттеуге, реставрациялауға және көрерменге ұсынуға, сондай-ақ ғылыми-ағартушылық жұмыстарға арналған ірі ғылыми-зерттеу орталығының түпкі концепциясы қалай қалыптасқанын көруге мүмкіндік береді.

Көрменің орталық бөлігін 1960–1970 жылдардағы сәулеттік жобалар мен архив құжаттары, атап айтсақ, жобалық тапсырмалар, сызбалар, жоспарлар, қасбеттер, техникалық-экономикалық негіздемелер мен жиналыс хаттамалары құрайды. Олар әуелгі идеядан бастап оның жүзеге асуына дейінгі жолды көз алдымызға әкеледі.

Архив фотосуреттері құрылыс барысынан бастап ашылу салтанатына, алғашқы көрмелер мен білім беру бағдарламаларынан қызметкерлер, суретшілер, келген қонақтар мен музейдің күнделікті тынысына дейінгі сәттерді қамтып, бұл тарихты жаңа ғимарат кеңістігінде ары қарай сабақтастырады. Осылайша, архитектура бара-бара жоба деңгейінен жанды мәдени кеңістікке айналады.

1976 жылы жаңа ғимараттың ашылуына орай музей қорына тапсырылған кескіндеме және графика туындылары ерекше орын алады. Экспозицияға Р. Фальк, К. Редько, Э. Закарян, Н. Ливчак, В. Зазерская, А. Комаров сияқты суретшілердің еңбектері қойылған. Бұл туындылардың едәуір бөлігі музей қабырғасында алғаш рет көрермен назарына ұсынылып отыр.

Жеке бөлімде баспа және графикалық материалдар, яғни газет мақалалары, шақыру қағаздары, афишалар, бағдарламалар мен өзге де полиграфиялық жәдігерлер орналасқан. Олар жаңа ғимараттағы алғашқы көрмелер, музейдің білім беру мен ағартушылық қызметі және оның қаланың мәдени өміріндегі маңызды орталық ретінде қалыптасуы туралы сыр шертеді. Музей логотибінің 1950 жылдардан бүгінгі күнге дейінгі өзгеру тарихы бұл баяндауды институцияның визуалды бейнесі деңгейінде толықтыра түседі.

Экспозицияны көрменің ашылуына арнайы 3D басып шығару әдісімен дайындалған ғимараттың архитектуралық макеті түйіндейді. Жаңа масштабта таныс архитектура бастапқы ойды, жүзеге асқан жобаны және музей өмірінің елу жылдық тарихын тоғыстыра отырып, біртұтас бейнеде көрінеді. Алдағы уақытта бұл архитектуралық макетті көру қабілеті зақымданған жандарға арналған тактильді экспонат ретінде музейдің тұрақты экспозициясына біріктіру жоспарлануда.    

«Сәулеттің жанды болмысы» атты көрме-зерттеу жобасы музейді ішкі тарапынан ғана танып қоймай, оған өнер үшін арнайы жасалған және уақыт өте келе осы өнер тарихының ажырамас бөлшегіне айналған дербес мәдени феномен ретінде қарауға шақырады.

Ашылу күні: 2026 жылдың 2 қазаны, сағат 16:00

Өтетін мерзімі: 2026 жылдың 2–30 қазан аралығы

Өтетін орны: Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі

Көрме-зерттеу жобасының кураторы: Оксана Танская