2025 жылдың 8 тамызы күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры бірлесіп, қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы, ойшыл-философ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты әдеби-сазды танымдық кеш ұйымдастырды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Абай Құнанбаевтың бай шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, жас ұрпақты рухани-мәдени тәрбиелеуге, ұлттық құндылықтар мен қазақ руханиятына баулу, сондай-ақ ақынның өнегелі өмірі мен терең ой-толғамдарын көпшілікке кеңінен таныту болды. Кеш шымылдығы ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының міндетін атқарушы Саров Сержан Бараханұлының құттықтау сөзімен ашылды. Өз сөзінде ол: «Дәуірлерді жіктеген данышпанның тойы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтауында: "Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек" деп тапсырма берген болатын. Осыған орай елімізде ғылыми конференциялар, әдеби байқаулар, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бұл – Абайдың аманатына адалдықтың, рухани сабақтастықтың айқын белгісі. Бүгінгі кеш – соның жарқын үлгісі», – деп атап өтті.               

Кеш барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының әртістері Т. Күзембаев, С. Мақсат, Д. Диляра, Б. Қанағатов, А. Бекзат, М. Ерланова, М. Саматов және Ш. Нұрғалиұлының орындауындағы әндер мен сахналық қойылымдар көрерменге рухани әсер сыйлап, Абай әлеміне терең бойлауға мүмкіндік берді.                                                                               

Сонымен қатар кеш аясында Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған қалалық байқаудың жеңімпаздары ұсынған көрме көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде оқушылардың ұлы ақын шығармашылығына арналған суреттері мен қолданбалы өнер туындылары қойылды. Әрбір туынды — Абай тұлғасына деген терең құрмет пен шабыттың көрінісі болды.                                                                                  

Бұл кеш — ұлы Абай мұрасының мәңгілік екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп, оның рухани-адамгершілік өсиеттерінің бүгінгі ұрпақ үшін маңызын айқындай түсті.