30 қыркүйекте alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында «ЖИ, креативті цифрлық технологиялар және өнер» (AI, Creative Computing & Arts) тақырыбында дәріс өтті. Бұл — University of the Arts London құрамындағы Creative Computing Institute (CCI) институтының ТМД елдеріндегі алғашқы дәрісі.

Іс-шараны Born Nomad ұйымы ArtStream Global қолдауымен AI MONTH 2026 және AI & Digital Bridge 2026 аясында ұйымдастырды.

Дәріске 340 адам тіркеліп, олардың 260-ы іс-шараға қатысты. Тыңдаушылар қатарында 18 кәсіби креативті және технологиялық қауымдастықтың өкілдері, сондай-ақ мектеп оқушылары, студенттер мен ата-аналар болды.

Қатысушылар жасанды интеллектінің креативті индустрияларға әсері, код пен өнер тоғысындағы интерактивті инсталляциялар мен VR-жобалардың жұмыс істеу принциптері, сондай-ақ University of the Arts London-да білім алу мүмкіндіктері туралы білді.

Технология мен шығармашылық тоғысындағы өнер

Дәрісті Creative Computing Institute, University of the Arts London институтының өнер қайраткері, зерттеушісі және оқытушысы Никола Плант өткізді. Ол үшөлшемді цифрлық кеңістіктердегі тәндік тәжірибені, интерсубъективтілік пен эмпатияны зерттейтін интерактивті инсталляциялар мен VR-туындылар жасайды.

Никола Плант нақты уақыттағы иммерсивті графика, жасанды интеллект және қозғалысты түсіру технологияларымен де жұмыс істейді. Ол Queen Mary University of London университетінде медиа және көркем технологиялар саласында PhD дәрежесін алған. Оның жұмыстары әлемнің түрлі елдерінде, соның ішінде Лондондағы Barbican Centre мен V&A Museum музейінде ұсынылған.

3 қазанда Никола Плант AI & Digital Bridge 2026 форумындағы «AI: Art Disrupted» панелінің спикері ретінде сөз сөйлейді.

«Креативті цифрлық технологиялар цифрлық және генеративті өнер, гейминг, виртуалды және толықтырылған шындық, робототехника, кинетикалық мүсін және STEAM-білім беру арқылы креативті ойлау мен логиканы біріктіреді», — деді Born Nomad ұйымының негізін қалаушы әрі директоры Айка Алеми.

Born Nomad Орталық Азиядағы креативті кәсіпкерлікті дамытады

Born Nomad 2014 жылы креативті кәсіпкерлікті дамыту және әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жоба ретінде құрылды.

Ұйымның жобаларының қатарында USAID қолдауымен іске асырылатын Central Asia Creative Incubator (CACI) бар. Инкубатор Орталық Азиядағы шығармашылық индустрия өкілдеріне өз таланттары мен идеяларын бизнеске айналдыруға көмектеседі.

Born Nomad сонымен қатар «Атамекен» ҰКП және «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен бірлесіп қолөнершілер мен креативті кәсіпкерлерге арналған Born Nomad Power Awards байқауын, сондай-ақ MOST Ventures венчурлік қорымен бірлесіп инвестициялық экожүйенің 100-ден астам өкілін біріктірген Women Backing Women бизнес-таңғы асын ұйымдастырды.

Қазір Born Nomad Fund — Орталық Азиядағы MediaTech және CreaTech стартаптарына инвестиция салуға бағытталған, көлемі 2 млн доллар болатын pre-seed қор құрылып жатыр.

Айка Алеми — Born Nomad ұйымының негізін қалаушы әрі директоры, Creative Industries Alliance Qazaqstan төрағасы, бизнес-кеңесші, ментор, инвестор және дизайнер. Ол The Business of Fashion конференциясында сөз сөйлеген ТМД елдерінен шыққан алғашқы спикер, ЮНЕСКО-ның креативті индустрияларға арналған вебинарларының сарапшысы және Fuqua School of Business (Duke University) түлегі.

Creative Computing Institute туралы

University of the Arts London (UAL) QS рейтингі бойынша сегізінші жыл қатарынан өнер және дизайн саласында әлемде бірінші орында тұр.

Creative Computing Institute шығармашылық пен есептеу технологияларының тоғысында жұмыс істейді. Институттың негізгі бағыттарына бағдарламалау, қосымшалар әзірлеу, цифрлық өнімдер жасау және машиналық интеллект жатады.

Астанада өткен дәріс CCI институтының өнер, технология және жасанды интеллектті ұштастыруға негізделген тәсілін ТМД елдерінің аудиториясына алғаш рет таныстыруға мүмкіндік берді.

Фотограф Ержан Курманбай