Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық өкілдігінің 2025 жылға арналған негізгі жобалары, мемлекеттік тіл клубтарын дамыту, халықаралық ынтымақтастық, креативті және экологиялық бастамалары талқыланды.

Сондай-ақ ұйымның 2026 жылға арналған экологиялық жоспарларына ерекше назар аударылып, олар туралы «Ассамблея жастары» РҚБ Алматы қалалық өкілдігі төрағасының орынбасары Омар Мохаммедсаруар баяндады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар қанаты қызметінің негізгі бағытының бірі - экологиялық тазалық мәселесі болып қала береді. Бұл бағыт «Таза орта» жобасы аясында жүзеге асырылып, жастар арасында азаматтық-патриоттық сана қалыптастыруға атсалысады. Ұйым өкілдерінің айтуынша, экологиялық бастамалар туған жер мен табиғатқа жауапкершілікпен қарауды үйретеді. Бұл ұстаным бүгінде қоғамда экологиялық мәдениетті дамытуға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» акциясымен үндесіп отыр.

«Біз үшін экология - бір реттік акция емес, саналы таңдау әрі азаматтық жауапкершіліктің бір бөлігі. Осындай жобалар арқылы жастар өздері өмір сүріп жатқан жерді қорғап, қоршаған орта таза ұстау болашақ ұрпаққа қосқан үлесі екенін түсінеді. Сондықтан экологиялық бағыт біздің жұмысымыздағы басым бағыттың бірі», - деп атап өтті Омар Мохаммедсаруар.

Экологиялық іс-шаралардың бірі әрі маңыздысы - «Рақмет, жер ана!» («Спасибо, родная земля!») акциясы. Бұл іс-шара жыл сайын «Ассамблея жастары» белсенділері мен Алматы қаласының этномәдени бірлестіктері тарапынан «Таза Қазақстан» бастамасы аясында өткізіледі. 22 сәуір - Халықаралық Жер-Ана күніне орайластырылған акция табиғатты бүкіл адамзаттың ортақ үйі ретінде қадірлеуге үндейді. Соңғы төрт жыл бойы бұл іс-шара қаладағы жоғары оқу орындары мен мектептердің аумағында өткізіліп келеді. Тек биылдың өзінде жастар 300-ден астам ағаш еккен.

Ағаш егу рәсімі кезінде Құрманғазының «Сарыарқа» күйі шырқалып, кейін көшеттерге «Рақмет» деген жазуы бар ақ ленталар байланады. Бұл ленталар барлық этностардың қазақ жеріне ризашылығын білдіретін символ ретінде қарастырылады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай нышандар экологиялық акцияларды мағыналы әрі есте қаларлық ете түседі.

«Біз әр экологиялық іс-шараның философиялық және эмоциялық мазмұны болғанын қалаймыз. Бұл жай ғана ағаш егу немесе аумақты тазалау емес, жастармен құндылықтар, жауапкершілік және туған жерге деген сүйіспеншілік туралы ашық сұқбат жүргізу. Осындай бастамалар адамдарды шынымен біріктіреді», - деді спикер.

«Таза Қазақстан» аясында ұйым өзге де экологиялық жобаларды жүзеге асырып жатыр. «Батарейканы тапсыр - жердің денсаулығын сақта» акциясы барысында шамамен 18 келі пайдаланылған батарейка жиналып, олар Алматы ЭКО хабына кәдеге жаратуға тапсырылды. Ұйымдастырушылардың ескертуінше, тасталған бір батарейканың өзі 400 литрге дейін суды, 20 шаршы метр жерді ластайды екен.

Тағы бір бастама - «Кіші Алматының жарқын тасы» акциясы. Жастар Кіші Алматы өзенін қамқорлыққа алып, таулы аймақта өзен арнасын қоқыстан тұрақты түрде тазартып келеді. Әр тазалау жұмысының соңында еріктілер өзеннен бір-бір тас алып, оны ашық түстермен бояп, табиғат тазалығына жеке жауапкершіліктің символы ретінде өздерімен бірге алып кетеді.

«Ассамблея жастары» өкілдерінің айтуынша, мұндай жобалар экологиялық мәдениетті қалыптастырып, азаматтық жауапкершілікті дамытуға, Алматы қаласының таза, жайлы әрі көрікті болуына үлес қосқысы келетін белсенді тұрғындарды біріктіруге бағытталған.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ