Соңғы жылдары Қазақстан аумағында бұрын тіркелмеген құстардың 20-дан астам жаңа түрі табылды. Бұл кәсіби орнитологтардың ғана емес, сонымен қатар дерек жинауға белсене қатысатын әуесқой бақылаушылардың да еңбегінің арқасы. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Халықаралық құстар күніне арналған баспасөз конференциясында орнитолог, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылым жөніндегі директоры Сергей Скляренко мәлімдеді.

«Халықаралық құстар күнінің мақсаты — оларды қорғауға назар аударту. Қазақстанда қазір 520-дан астам құс түрі бар. Жыл сайын ел аумағына жаңа түрлері ұшып келіп жатыр. Оларды көбіне өз бетінше бақылау жүргізіп, фотосурет арқылы дәлелдейтін әуесқойлар анықтайды», — дейді спикер.

Оның айтуынша, әуесқойлардың ғылымға қосатын үлесі артып келеді. Қазақстан үлкен болғанымен, бізде кәсіби орнитологтар аз, сондықтан энтузиастардың биоалуантүрлілік туралы білімді кеңейтуге көп көмегі тиіп жатыр. Олардың бақылауы мен деректерді тіркеуі құстардың көші-қоны мен таралуы туралы жаңа ғылыми мәліметтің пайда болуына сеп болады.

Сергей Скляренко құстардың экожүйедегі рөлі ерекше екенін атап өтті. Жәндіктердің санын реттейді, өздері де басқа жануарларға жем болады, сондай-ақ өлексемен қоректеніп, табиғатты тазартады. Құстар өсімдіктердің тұқымын таратып, тозаңдануға қатысады. Адамға да азық болады олар.

«Құстар ауыл мен орман шаруашылығында зиянкестермен күресуге көмектеседі. Дегенмен олардың әсері әрдайым біржақты емес: кейбір түрі егінге зиян келтіруі мүмкін. Мысалы, қараторғайлар мен торғайлардан жүзімдіктер мен күріш алқаптары көп жапа шегеді. Соған қарамастан, олар экожүйе мен адамға өте пайдалы», — деп түсіндірді ол.

Сарапшы құстар мен адамның қаладағы өзара әрекеттесуіне де тоқталды. Атап айтқанда, көгершіндер бір жағынан үйреншікті әрі жағымды әсер қалдырса, екінші жағынан ластану көзі және құс тұмауы мен орнитоз сияқты аурулардың тасымалдаушысы болуы мүмкін. Сонымен қатар құстар ұшақ апатына себеп болуы да ықтимал: Қазақстанда олар жыл сайын ұшақпен соқтығысып қалып жатады, бірақ көбі оқыс оқиғасыз аяқталады екен.

Орнитофаунаның қазіргі жағдайына тоқтала келе, спикер жекелеген түрлердің азаюы — жаһандық үрдіс екенін айтты. Қазақстанда бүгінде шамамен 60-қа жуық құс түрі әртүрлі деңгейде қауіп-қатерге ұшыраған.

«Құстардың тіршілігі әрдайым жайлы емес, басты қауіп — олардың мекен ету ортасының жойылуы. Бұл инфрақұрылымның дамуы, пайдалы қазбаларды өндіру, ландшафттың өзгеруі мен сулы-батпақты алқаптардың құрғауымен байланысты. Сонымен қатар қоршаған ортаның ластануы мен мазалау факторы да әсер етеді. Әлемдік деректерге қарағанда, бар құстың санының шамамен жартысы азайған», — деді Скляренко.

Сұлу тырнаның саны қыстайтын елдердегі жағдайға да байланысты өзгеріп отырады, бұл халықаралық ынтымақтастықтың маңызын көрсетеді. Ителгінің саны заңсыз аулау салдарынан айтарлықтай қысқарған. Сондай-ақ электр желілері де жыл сайын мыңдаған жыртқыш құстың өліміне себепші болып жатыр. Жел энергетикасының дамуы да әсерін тигізуде.

Ерекше алаңдаушылық тудыратын мәселелердің бірі — диклофенак ветеринарлық препараты. Ол бұрын Үндістанда өлексемен қоректенетін құстар санының күрт азаюына әкелген. Қазіргі уақытта ол елде препаратқа тыйым салынғаннан кейін жағдай біртіндеп жақсара бастады, алайда басқа елдерде оны қолдану жаңа қауіптер тудыруы мүмкін.

Қаланың орталық бөлігінде торғайлар мен қарлығаштардың саны айтарлықтай азайған, бұл қалалық ортаның өзгеруімен байланысты. Ал су құстары, керісінше, қалада қыстап қалуды жиілеткен. Мысалы, барқылдақ үйректер мұз қатпайтын су айдындарында мекендеп, адамдардан сескенуді қойған. Сонымен қатар қалада оляпка мен сирек кездесетін көк құс сияқты түрлер жиірек байқала бастады.

«Әр адам құстарды сақтауға үлес қоса алады. Ол үшін оларға жағдай жасап, өсімдікті көптеп егіп, жапырақты толық тазаламау керек. Бұл қорек базасын қалыптастырады, өйткені жәндіктер жапырақ арасында қыстайды. Сонымен қатар аумақтарды шамадан тыс химиялық өңдеуді азайтып, құстарға судан таршылық көрмейтіндей етіп жағдай жасау қажет», — деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, қыста құстарды, әсіресе сарышымшықтарды, қоректендіріп тұру керек, жылы мезгілде аулалар мен балконда су ішетін ыдыстар мен жасанды ұялар орнатуға болады. Бұл биоалуантүрлілікті сақтап, қалалық ортаны адамдар мен құстар үшін жайлы етуге мүмкіндік береді.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі