Қазақстанда мемлекеттік рәмізге құрметпен қарау патриотизмнің белгісі ғана емес, заң да соны талап етеді. Цифрлық дәуірде ту, елтаңба мен әнұранды құқықтық қорғау мәселесі де өзекті болып барады. Оларды мақсатына қарай пайдаланбау әкімшілік не тіпті қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті заң факультетінің мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті Нәжия Кәлішева осылай деді.

Спикердің айтуынша, мемлекеттік рәміз елдің ресми атрибуты ғана емес, ұлттық бірегейліктің, тарихи жад пен егемендіктің де маңызды бөлігі.

«Мемлекеттік рәміз елдің тарихын, құндылықтары мен бірлігін бейнелейді. Рәміз арқылы мемлекетке, оның тәуелсіздігіне деген құрмет қалыптасады. Сондықтан қоғамның мемлекеттік рәмізге деген көзқарасы азаматтық мәдениеттің кемелдену деңгейін де көрсетеді», – дейді Нәжия Кәлішева.

Ол мемлекеттік рәміздердің мәртебесі Қазақстан Республикасы Конституциясының 9-бабында бекітілгенін еске салды. Оларды пайдалану тәртібін реттейтін негізгі құжат – 2007 жылғы 4 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң. Бұл заң мемлекеттік рәміздерді дайындау, орналастыру, пайдалану, сақтау мен қорғау қағидасын айқындайды.

Сарапшының айтуынша, мемлекет ту, елтаңба мен әнұранды құқықтық тұрғыда ерекше қорғауға алған. Заңнама азаматтар мен ұйымдарды мемлекеттік рәмізді ұқыпты пайдаланып, оларды бұрмаламауға, бүлдірмеуге, маңызын кемсітетін әрекетке жол бермеуге міндеттейді.

«Рәмізді құқықтық қорғау әкімшілік, тәртіптік және қылмыстық жауапкершілікке тарту арқылы іске асады. Бұл іс жүзінде қолданылатын нақты тетіктер. Әр азамат мемлекеттік рәмізге құрметпен қарау оның құқықтық міндеті екенін түсінуі тиіс», – деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, Қазақстанда мемлекеттік туды дұрыс пайдаланбау немесе әлеуметтік желіде мемлекеттік рәмізді сыйламайтын материал жариялау фактілері бойынша бірнеше іс қаралыпты. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін жауапкершілікті көздейтін 372-бабына ерекше назар аударылады.

«Мұндай әрекет тек заң бұзушылық ретінде ғана емес, мемлекеттіліктің негіздеріне, ұлттық бірлік пен қоғамның елге деген құрметіне қол сұғу ретінде қаралады. Сондықтан мемлекеттік рәміздер ерекше құқықтық қорғауда болады. Оларды қорғау конституциялық тұрақтылықты қамтамасыз етумен және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайтумен тікелей байланысты», – деп түсіндірді Нәжия Кәлішева.

Маман мемлекеттік рәмізі қорғау тек құқық қорғау органының жұмысымен шектелмейтінін атап өтті. Бұл бағытта құқықтық ағарту, патриоттық тәрбие мен әсіресе жастардың арасында мемлекеттік рәмізге құрметпен қарайтын мәдениетін қалыптастыру маңызды рөл атқарады.

Уәкілетті органдар мемлекеттік рәміздер туралы заңнаманың сақталуын үнемі тексеріп отырады. Мұндай тексерістің қорытындысы бойынша нұсқама беріледі, әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады, кей жағдайда ол материалдар құқық қорғау органдарына жолданады.

«Мемлекеттік рәміздерді қазіргі заманғы қорғау тек құқық бұзушылыққа жаза қолданумен шектелмейді. Ол ауқымды профилактикалық жұмыстарды да қамтиды. Бұлар – білім беру жобалары, патриоттық акциялар, жастарды құқықтық тәрбиелеу мен заңнаманың сақталуын бақылау. Қазіргі әлемде мемлекеттік рәміздерді қорғау цифрлық мәдениет пен әлеуметтік желілердегі жауапты мінез-құлық мәселесіне де айналып отыр», – деді спикер.

Нәжия Кәлішеваның айтуынша, мемлекеттік рәміз қоғамды ұйыстырудың, халықтың тарихи жадын сақтаудың маңызды элементі болып қала бермек. Кей кездері жекелеген рәміздерді жаңғыртуға қатысты қоғамдық пікірталас туындағанымен, олар аса бір көп өзгермейді.

«Мемлекеттік рәміздер Қазақстан Республикасының егемендігін, тарихи жады мен ұлттық бірлігін білдіріп келген және солай болып қала береді. Олар азаматтарды жасына, кәсібіне немесе тұрғылықты жеріне қарамастан біріктіреді. Мемлекеттік рәмізге құрмет – өз еліңе, оның болашағына деген құрмет», – деп қорытындылады сарапшы.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі