Қазақстанда дәстүрлі қолөнерді сақтау, оны насихаттау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және шеберлерді қолдау ісі тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Алматыға Дүниежүзілік қолөнер қаласы мәртебесінің берілуі қазақстандық мәдени мұраны халықаралық деңгейде танытуға жаңа мүмкіндіктер ашты.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Қолөнершілер одағының төрағасы Айжан Бекқұлова мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде одақ еліміздің барлық өңірлерінен келген шеберлерді біріктіріп, мәдени мұраны сақтау, қолөнер кәсіпкерлігін дамыту және дәстүрлі шеберлік дағдыларын жас ұрпаққа үйретуге бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді.
Одақтың ең ірі жобаларының бірі – 2009 жылдан бері өткізіліп келе жатқан республикалық «Шебер» қолөнершілер байқауы. Осы уақыт ішінде оған мыңнан астам шебер қатысып, байқау қорында халықтық сәндік-қолданбалы өнердің 500-ге жуық бірегей туындысы жинақталған.
«Біз қолөнер бұйымдарын сақтап қана қоймай, халқымыздың тарихын, атадан балаға жалғасқан шеберлік дәстүрін және ұлттық болмысын да келер ұрпаққа жеткізіп келеміз», – деді Айжан Бекқұлова.
Одақ қолөнершілерді қолдауға ерекше мән береді. Спикердің айтуынша, ұйымға мүшелік кәсіби мойындаумен ғана шектелмей, шығармашылықты дамытуға және оны кеңінен насихаттауға жаңа мүмкіндіктер ашады.
«Біз үшін бұйымдардың сапасы, шебердің кәсіби деңгейі және оның қолөнерге деген адалдығы аса маңызды. Одақ өз мүшелерін жан-жақты қолдап, олардың жетістіктерін дәріптеуге және кәсіби дамуына қолайлы жағдай жасауға ұмтылады. Ұйымның «Ел қолөнершілерінің мойындауы» атты марапаты бар. Сонымен қатар, біз шеберлерді мемлекеттік және халықаралық деңгейдегі сыйлықтар мен марапаттарға ұсынамыз», – деді одақ төрағасы.
Одақ халықаралық ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөледі. Қазақстандық шеберлер шетелдік көрмелер мен мәдени жобаларға тұрақты түрде қатысып, халықаралық серіктестермен бірлескен бастамаларды жүзеге асыруда. Соңғы жылдары қолөнершілер мен жастарға арналған білім беру бағдарламалары, халықаралық фестивальдер және мәдени алмасу жобалары ұйымдастырылды.
«Біз қолөнершілердің дамуына нақты мүмкіндіктер жасауға ұмтыламыз. Қазірдің өзінде бірқатар шеберлер Америка Құрама Штаттарына сапарға дайындалып жатыр. Күзде Арменияда өтетін іс-шараларға және басқа да халықаралық жобаларға қатысу жоспарланған. Бұл көптеген шеберлер үшін өз жұмыстарын шетелдік аудиторияға таныстырып, жаңа кәсіби тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар, одақ кәсіпкерлік дағдыларды дамыту және электрондық коммерция бағыттары бойынша оқыту бағдарламаларын жүзеге асырады. Мұндай тренингтер швейцариялық серіктестермен, Британ кеңесімен және басқа да халықаралық ұйымдармен бірлесіп өткізіледі.
Қазақстандық қолөнершілердің өнімдерін заманауи цифрлық платформалар арқылы ілгерілету де маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Айжан Бекқұлованың айтуынша, отандық шеберлердің халықаралық онлайн-нарықтарға толыққанды шығуы үшін төлем жүйелерін, логистиканы және өнім экспорттау тетіктерін одан әрі жетілдіру қажет.
Спикердің айтуынша, алдағы жылдардағы негізгі бағыттардың бірі – қолөнер мұрасының цифрлық архивін қалыптастыру, жастарға арналған бағдарламаларды кеңейту және жаңа халықаралық жобаларды іске асыру. Сонымен қатар, дәстүрлі мәдени мұра мен қолөнерді дамытуға арналған ұлттық орталық құру бастамасы да қарастырылып жатыр.
Сонымен бірге, сәндік-қолданбалы өнер коллекцияларын сақтау және насихаттау мәселесі өзекті болып қала береді. Қазақстан қолөнершілер одағы төрағасының айтуынша, елімізде сәндік-қолданбалы өнерге арналған ұлттық деңгейдегі мамандандырылған музей әлі жоқ, ал бірегей коллекциялардың едәуір бөлігі көпшілік қауым үшін қолжетімсіз күйде қалып отыр.
Спикердің пікірінше, қолөнер саласының одан әрі дамуы мәдени мұраны сақтауға ғана емес, сонымен қатар, креативті экономиканы, туризмді және халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамытуға да ықпал етеді.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі