Маусымдық аурушаңдықтың өсуіне байланысты қаладағы медициналық ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс істеуге көшті. Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қабылданып жатқан шаралар туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғалиева айтып берді.

Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасы мен оның екі бөлімшесінде балаларға тәулік бойы мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. Барлығы 360 төсекке арналған 11 бөлімше жұмыс істеп тұр, қажет болған жағдайда қорда тағы 67 төсек қарастырылған.

23 қыркүйектегі жағдай бойынша Балалардың қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасында ЖРВИ диагнозымен 263 бала ем алып жатыр, оның 60-ында пневмония анықталған. Жансақтау бөлімінде төрт бала бар, олардың екеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Осы ретте Балалар қалалық клиникалық инфекциялық ауруханасының базасында балалардың инфекциялық аурулары бойынша Құзыреттер орталығы ашылғанын атап өткен жөн.

Орталық инфекциялық аурулары бар балаларға көрсетілетін мамандандырылған көмекті жетілдіру, телемедициналық консультацияларды енгізу, мамандар арасында тәжірибе алмасу мен медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында құрылған.

Оның жұмысы балалардағы инфекциялық патологияны диагностикалау мен емдеу сапасын арттырып, замандық тәсілді практикаға енгізуге бағытталған.

Ересектерге медициналық көмек көрсету үшін С. Жекенова атындағы Қалалық клиникалық инфекциялық ауруханада 200 төсек-орын дайындалған, қажет болған жағдайда тағы 50 резервтік төсек қарастырылған. Қазір онда ЖРВИ диагнозымен 59 пациент ем алып жатыр, оның ішінде 15-і – жүкті әйел. Сондай-ақ пневмониямен түскен тағы бес ересек пациент бар. Жансақтау бөлімі мен өкпені жасанды желдету аппаратында жатқан пациенттер жоқ.

Жүкті әйелдерге ерекше көңіл бөлінеді. Олар үшін үйге шақыратындарға басымдықпен қызмет көрсету, күнделікті патронаж бен денсаулығын бақылау ұйымдастырылған. Қажет болған жағдайда пациенттер уақытылы ауруханаға жатқызылады.

Жүктілік мерзімі 22 аптадан асқан әйелдерге №4 Қалалық перзентханада мамандандырылған медициналық көмек көрсетіледі. 23 қыркүйектегі жағдай бойынша онда ЖРВИ диагнозымен 32 жүкті әйел ем алып жатыр. Пневмониямен ешкім тіркелген жоқ, жансақтау бөлімі мен өкпені жасанды желдету аппаратында жүкті әйелдер жоқ.

Уақытылы әрекет ету мақсатында аурушаңдық пен ауруханаға жатқызу көрсеткіштеріне күн сайын мониторинг жүргізіледі. Қалада эпидемиологиялық қадағалаудың сегіз дозорлық орталығы жұмыс істейді.

Медициналық ұйымдар қажетті дәрілік препаратпен, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Дәрігер мен көлік тапшылығы жоқ. Эпидемиологиялық маусым басталғанға дейін медицина қызметкерлері үй жағдайында медициналық көмек көрсету мен пациенттерді уақытылы ауруханаға жатқызу мәселесі бойынша қосымша оқудан өтті.

Тұмаудың алдын алуға да ерекше көңіл бөлінеді. Жергілікті бюджет есебінен «Гриппол Плюс» үшвалентті вакцинасының 250 мың дозасы сатып алынды.

Тегін вакцинация тәуекел топтарына жататын азаматтарға қарастырылған. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, медициналық бақылаудағы балалар, алты айдан асқан жиі ауыратын балалар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сәбилер үйлерінің тәрбиеленушілері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің қызмет алушылары, жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдер, жүрек-қан тамырлары және тыныс алу жүйелерінің созылмалы аурулары бар адамдар, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцинациялауға жататын тұлғалар бар.

Қалған тұрғындар үшін вакцинация ақылы негізде жүргізіледі. Оның ішінде қонақ үй, банк, супермаркет пен көлік саласының қызметкерлері де бар. Олар вакцинациядан ақылы негізде өте алады.

Аурушаңдықтың маусымдық өсуі кезеңінде тұрғындарды қарапайым профилактикалық шараларды сақтауға шақырамыз: науқас адамдармен байланыстан аулақ болып, қажет болған жағдайда бетперде пайдаланып, қолды жиі жуып, ауру белгісі пайда болған кезде үйде отырып, уақытылы медициналық көмекке жүгіну қажет.

Инфекцияның таралуына жол бермес үшін ата-аналар ауырған балаларды мектеп пен балабақшаға жібермеуі керек.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі