2026 жылдың 13–16 ақпан аралығында Қырғыз Республикасы Президентінің Нарын облысындағы Өкілетті өкілі Нұрбек Сатаровтың бастамасымен және Қырғыз Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының қолдауымен біз Нарын облысының аумағында өткен «Нарын – Кыш Керемети» атты баспасөз туры аясында іссапарға қатыстық. Бұл бастама өңірдің туристік әлеуетін ілгерілетуге, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
Бірінші күн: Нарын облысындағы «Қыш Кереметі» – Бозо фестивалі және жарқын бастау
Іс-шараның алғашқы күні Бішкек қаласындағы Турдакун Усубалиев атындағы алаңда делегацияны жылы қарсы алудан басталды. Ұйымдастырушылар жоғары дайындық деңгейін және шынайы қонақжайлық танытып, ашық диалог пен өзара құрметке негізделген атмосфера қалыптастырды.
Пресс-тур қонақтары Ресей, Сербия, Өзбекстан, Қазақстан және Қытай елдерінен келді. Қонақтарға ұсынылған қырғыз сим-карталары мен медициналық сақтандыру қызметтері өте орынды болды.
Одан әрі қатысушылар туристік автобуспен Нарын облысына жол тартты. Астанадан басталған жолсапар Қырғызстанның табиғатымен шынайы танысуға мүмкіндік берді: бағыт көркем Боом шатқалы мен Кочкор жазығы арқылы өтті. Асқар таулар мен қар жамылған кең алқаптар ерекше әсер қалдырды.
Автобус Боом шатқалында аялдап, қатысушыларға «Боз Салкын» дәмханасында түскі ас ұйымдастырылды. Дәмхана алдында Қырғызстанның таулы табиғатының айбаты мен сұлулығын бейнелейтін қар барысының әсерлі мүсіні қарсы алды. Мүсін тұсындағы «Илбирс көрсөң атпай жүр, Табиятты сактай жүр, Мүшкүл иш башка түшсө да, Мекениңди сатпай жүр» деген төрт жол өлең табиғатты қорғауға және Отанға адал болуға үндейді.
Дәмді ас пен көтеріңкі көңіл күйден кейін делегация Нарын ауданына қарасты «Салкын-Төр» табиғи саябағына жол тартты.
Мұнда бізді ерекше құрметпен қарсы алды: «Бай-Төр» дәмханасының кіреберісінде ұлттық киім киген арулар қырғыздың әуезді ұлттық музыкасымен қолдарына боорсок пен бал толтырылған табақтар ұстап, қонақтарды қарсы алды. Бұл ұлттық дәстүр нағыз мерекелік көңіл күй сыйлап, алғашқы күннің жарқын мәдени оқиғасына айналған «Бозо» фестиваліне жол ашты.
«Бозо» фестивалі – мәдени-гастрономиялық шара, бозо сусыны – қырғыз халқының ең көне сусындарының бірі: өскіндетілген (тары, арпа, бидай) дәндерінен дайындалып, ашытылып, табиғи жолмен бабына келтіріліп қою бозоға айналады. Фестивальдің басты мақсаты – ұлттық дәстүрлерді сақтау және насихаттау, жергілікті өндірушілерді қолдау, этно және гастрономиялық туризмді дамыту. Бозо – ежелден қыс мезгілінің, береке мен жылылықтың символы саналады, сондықтан фестивальдің қыс мезгілінде өткізілуі терең мәнге ие.
Іс-шара аясында «бозоның» әртүрлі әдіспен дайындалған түрлерінен дәм тату шарасы, халықтық қолөнер көрмелері, фольклорлық ұжымдардың өнер көрсетуі, ұлттық ойындар мен театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылды. Бозоны алғаш татқан сәт біз үшін ерекше әсер қалдырды: оның қою, жұмсақ құрылымы мен жеңіл қышқылтым дәмі ерекше жылулық сезімін сыйлады. Бұл тек сусынның дәмі емес, қырғыз халқының шынайы қонақжайлығының дәмі деп білемін.
«Бай-Төр» дәмханасында қатысушыларға арнап Қырғыз Республикасының Нарын облысындағы Президенттің Өкілетті өкілі Нұрбек Бейшеналиевич Сатаров құттықтау сөз сөйледі.
– Нарын облысы бірегей табиғи әлеуетке, бай мәдени дәстүрлерге, экологиялық тазалыққа және экотуризм мен қысқы демалысты дамытуға қолайлы мүмкіндіктерге ие.
Кешкі бағдарлама ұлттық би, қомуздың әсем үні және халықтық шығармашылық нөмірлермен жалғасты.
Кейін біз «Усон-Бак» табиғи саябағына барып, мұзды сырғанақта баллондармен сырғанадық. Қыстың қоңыр салқыны, шат күлкі мен көтеріңкі көңіл күй бұл сәтті ұмытылмас етті. Мұндай сырғанау қыс мезгілінің нағыз «Қыш Кереметі» екенін дәлелдеді. Сол бір бақытты сәттерде біз балалық шаққа қайта оралғандай болдық.


Екінші күн: Тұздың шипасы, көшпенділер рухы және Кочкордағы гастрономиялық дәстүр
«Нарын – Қыш Кереметі» пресс-турының екінші күні делегацияны Кочкор ауданына бастады. Бұл – табиғаттың шипалы күші мен көне қонақжай дәстүрлері тоғысқан өлке. Осы аталмыш күн қырғыз халқының мәдени болмысын тереңірек танытқан мазмұнды сапарға айналды.
Таңертең Чолпон ауыл аймағындағы бірегей табиғи нысан – «Туз», яғни тұз шахтасына барудан басталды. Ежелгі тұз қабатынан ойылып жасалған жерасты галереяларына түскен сәтте қатысушылар ауаның ерекше жеңілдігін сезінді. Бұл – табиғи шипажай іспетті орын, мұнда жердің өзі денсаулық сыйлайды. Қырғыз Республикасы Экономика және коммерция министрлігі жанындағы Туризм департаментінің директоры Эрденет Жыргалбекович Касымов, тас тұздың мол қоры және жерасты қазбаларының ерекше микроклиматы туралы баяндады. Мұндағы ауа құрғақ, таза әрі тұз бөлшектерімен қаныққан, бұл тыныс алу жүйесіне оң әсер етеді. «Туз» – тұз шахтасы Қырғызстанда экологиялық және сауықтыру туризмін дамытуға әлеуеті зор нысан ретінде қарастырылуда.
Сонымен қатар, біз Күйгөн-Суу табиғи ғажайыбын тамашаладық, оның суы тері ауруларын емдеуге пайдалы деп саналады.
Одан кейін ұлттық ат спорты ойыны – «Көк бору» тамашаладық. Бұл – шабандоздардың шапшаңдығы мен шеберлігін, ат үстіндегі икемділігін көрсететін әсерлі әрі қарқынды сайыс. Ойын алаңындағы тартысты сәттер көрермендерді бейжай қалдырмады. Қонақтар ежелгі көшпенді халықтың рухын, күш-қайраты мен төзімділігін бейнелейтін бұл ойынға ерекше қызығушылықпен тамсана қарады.
Күннің шарықтау шегі Кочкордағы «Ормон Хан» этно-кешеніне барумен жалғасты. Мұнда «Согум» фестивалі ұйымдастырылды. Согум – қыстық ет дайындау дәстүрі ғана емес, ол – бірлік пен шүкіршіліктің белгісі. Ас басталар алдында қонақтарға шырдақтар (киіз) үстіне жайылған жылы жұмсақ төшөктерге (көрпешелерге) жайғасу ұсынылды. Барлық қатысушылар киіз үстіне жайылған мұнтаздай ақ дастарханға айнала орналасты. Қонақтарға құрмет белгісі ретінде қол жуу рәсімі жасалды: қызметкерлер кұманмен қолға су құйып, арнайы сүлгі ұсынды, бұл ұлттық мәдениеттің бір бөлігі. Ет желінер алдында қол жуу – ең алдымен дастарханға деген құрмет, асқа деген қадір.
Кешен іші әуезді музыка үніне және жаңа дайындалған тағамдардың хош иісіне толды.
Қонақтарға ұлттық тағамдарға толы мол дастархан жайылды. Негізгі тағам ретінде сүйекті ет пен Нарын тағамы ұсынылды – майдалап туралған ет пен жұқа жайылған қамырдан дайындалатын бұл ас өңірдің гастрономиялық бренді саналады. Түскі ас батырлық эпостар мен халық тұрмысын бейнелейтін театрландырылған қойылымдармен сүйемелденді. Осылайша қонақтар ұлттық тағамнан дәм татып қана қоймай, халық тарихының рухын сезіне алды.
Сапар барысында Ақ-Қыя панорамалық алаңына да бардық. Мұнда қатысушылар көк аспан мен қарлы шыңдар тоғысқан әсем көріністі тамашалап, ерекше фотосуреттер түсірді. Бұл сәт өңір табиғатының айбынды келбетін айқын сезінуге мүмкіндік берді.
Академиялық Нарын: халықаралық стандарттар және Орталық Азия Университетінің қонақжайлығы
Делегация Нарын қаласындағы Орталық Азия университетінің заманауи кампусына барды. Қонақтар халықаралық білім беру стандарттарымен және оқу орнының инновациялық инфрақұрылымымен танысты. Сапар университет қабырғасында ұйымдастырылған мазмұнды кешкі аспен аяқталды. Кездесу зияткерлік пікір алмасу мен академиялық қонақжайлық рухында өтті.
Таулар үніндегі мәңгілік: Нарын театрындағы Айтматовтың «Жанпида» қойылымы
Екінші күннің қорытындысы Нарын облыстық академиялық Муратбек Рыскулов атындағы театр сахнасындағы Шыңғыс Айтматовтың «Жанпида» романы бойынша қойылған спектакльді тамашалаумен түйінделді. Бұл қойылым көрермендерге терең ой салған рухани әсерге толы кешке айналды. Таудың ерекше энергетикасымен ұштасқан актерлердің шебер ойыны көрермендерді кейіпкерлер тағдырымен бірге толғандырды. Қойылым қырғыз халқы үшін театрдың жай ғана сахналық өнер емес, ұлттық жады мен мәңгілік құндылықтарды сақтайтын қасиетті кеңістік екенін айқын көрсетті.
Бұл әсерлі қойылым сапардың екінші күнін мазмұнды әрі ұмытылмас рухани сезіммен қорытындылады.
Үшінші күн: «Ат-Башыдағы Кыш Керемети: дәстүр және стратегиялық серіктестік»
Бұл күннің айрықша маңызын мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға ресми қол қойылуы арттыра түсті. Аталған құжаттар халықаралық байланыстарды нығайтуға, туризмді дамытуға және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылды кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.
Ресми бөлімнен кейін біз Ат-Башы ауданының бірегей тарихи-мәдени нысаны – Ұлы Жібек жолының куәсі болған көне Таш-Рабат керуен-сарайына ат басын бұрдық. Таулар арасында асқақ орналасқан бұл ескерткіш өткен дәуірлердің рухын сақтап тұр. Осы тарихи орында ұйымдастырылған фестиваль қырғыз халқының ұлттық дәстүрлерін айшықты түрде көрсетті: «Манас» эпосының асқақ жырлануы, Қара жорға биі және салбуурун өнері (бүркітшілер, тайған иттер, садақшылар) қонақтарды Ұлы Жібек жолы заманымен табыстырғандай әсер қалдырды.
Іс-шара тарихи тереңдік пен заманауи серпінді үйлестіре білді.
Қонақтарға мол ұлттық дастархан жайылды. Үстелде хош иісті «бешбармақ», нәзік еттен дайындалған манты, қуырдақ, жаңа піскен нан шелпектері мен алтын түсті «боорсоктар» ұсынылды. Қымыз, бозо, айран және дәстүрлі тағамдар мен үй тәттілері дастархан сәнін арттырды. Әрбір тағам қонаққа деген құрмет пен қырғыз халқының шынайы қонақжайлығының белгісі ретінде ұсынылды.
Бұдан кейін ұйымдастырушылар қонақтарды Нарын өңірінің әлеуметтік және білім беру инфрақұрылымдарымен таныстырды. Делегация Ататүрік атындағы балабақшаға, кәсіптік білім беру мекемесіне және Жумамудун Шералиев атындағы балалар өнер мектебіне барды. Мұнда жас ұрпақтың тәрбиесі мен шығармашылық әлеуетіне айрықша көңіл бөлінетіні атап өтілді.
Кейін «Газпром» спорт кешенінде «Нарын» және «Тойота» командалары арасында жолдастық футбол матчы өтті. Қарқынды ойын нәтижесінде Нарын құрамасы 5:2 есебімен жеңіске жетіп, жанкүйерлердің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш барлық қатысушылар мен ұйымдастырушылардың мұз айдынына шығып, еркін сырғанаумен аяқталды. Мұз үстіндегі ортақ уақыт шынайы эмоциялар сыйлап, еркін қарым-қатынасқа жол ашты әрі қатысушыларды біртұтас команда ретінде жақындастыра түсті.





Төртінші күн: Пресс-турды аяқтау — қорытындылар мен жаңа мүмкіндіктер
Пресс-турдың финалы «Корона» мейрамханасында өтті. Бұл кездесу турдың жоғары мәртебесін және қабылдаушы тараптың шынайы достық ниетін бейнеледі.
Қорытынды сөз сөйлеген Қырғыз Республикасының Нарын облысындағы Президенттің Өкілетті өкілі Нұрбек Бейшеналиевич Сатаров:
«Сіздің репортаждарыңыз — әлемге Нарынды танытатын маңызды ақпараттық бастама. Біз сенімге негізделген ұзақ мерзімді ынтымақтастықты нығайтудамыз» — деп атап өтті.
Эстафетаны Қырғыз Республикасының Экономика және коммерция министрлігінің Туризм департаментінің директоры Эрденет Жыргалбекович Қасымов қабылдап, осындай бастамалардың халықаралық имиджді қалыптастыруда, инвестициялар мен мәдени алмасуды дамытуда ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
Сапардың сәтті өтуіне Қазақстандағы Қырғызстан Консулдығының қолдауы ерекше ықпал етті. Генералды консул Женишбек Асанкулович Асанкуловтың жеке ықпалы арқасында қазақстандық кәсіпкерлер мен журналистер төрт күн ішінде Нарын облысының туристік байлығын толық танып, болашақ ынтымақтастыққа нақты жоспарлар құра алды.
Қорытынды: Нарын — туризмнің тартымды нүктесі
«Нарын – Қыш Кереметі 2026» баспасөз туры Нарын облысының эко- және этнотуризмді дамытуға мол мүмкіндігі бар екенін көрсетті. Туристік бағыттардың жетекшілерімен тікелей кездесулер нақты ынтымақтастық перспективаларын талқылауға мүмкіндік береді.
Нарын облысы — қысқы ғажайыптарға толы Қырғызстанның жүрегі, өте көркем, рухани күш беретін өңір.
Нарын — қысқы кереметтерді сезгісі келетін әрбір турист үшін таптырмас мекен екендігі сөзсіз.
«Нарын-кыш Керемети» баспасөз турына қатысқан
Қожбанова Айгүл
