Елімізде соңғы жылдары әлемдік деңгейдегі концерттердің жиілей бастағаны байқаған боларсыз? Алматы мен Астанада аншлагпен өтетін шоулар көбейді, жаңа фестивальдер пайда болды. Бірақ бір сұрақ әлі де өзекті: неге халықаралық жұлдыздар еліміздің барлық өңіріне бара бермейді?
Көпшілік мұны көрерменнің аздығымен немесе әртістердің қызығушылығының жоқтығымен түсіндіреді. Алайда мәселе әлдеқайда тереңде жатыр екен.
Freedom Events компаниясының бас директоры Виктория Торгунакова айтуынша, Қазақстандағы мәдени индустрияның басты мәселесі концерттердің аздығында емес, мәдени инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуында.
Бүгінде Астана мен Алматыдан бөлек, Атырау сияқты өңірлік қалалар да ірі мәдени іс-шаралардың жаңа орталығына айналып келеді. Алайда көптеген қалада халықаралық деңгейдегі концерт өткізуге қажетті жағдай әлі де толық қалыптаспаған.
Өйткені, үлкен концерт ұйымдастыру үшін тек сахна жеткіліксіз. Заманауи дыбыс жүйесі, кәсіби жарық, қауіпсіздік талаптары, техникалық жабдықтар және мыңдаған көрерменді қабылдай алатын алаң қажет. Көп жағдайда дәл осы факторлар концерт тағдырын шешеді.
– Мәселе әртістердің өңірлерге барғысы келмеуінде емес. Ұйымдастырушылар жаңа қалалармен жұмыс істеуге дайын. Бірақ инфрақұрылым мүмкіндігі шешуші рөл атқарады, – дейді Виктория Торгунакова.
Алайда мәселе тек концерт залдарымен шектелмейді.
Freedom Events жетекшісінің пікірінше, мәдениеттің даму деңгейі халықтың тұрмыс сапасымен де тікелей байланысты. Қазақстандықтар табысының басым бөлігін азық-түлік пен күнделікті қажеттіліктерге жұмсайды. Ал мәдени демалысқа бөлінетін қаражат көлемі шамамен 3-4 пайыз ғана.
Бұл көрсеткіш дамыған мемлекеттермен салыстырғанда бірнеше есе төмен. АҚШ пен Еуропада адамдар театрға, концертке, көрмелерге және фестивальдерге әлдеқайда көбірек қаржы жұмсайды. Сарапшылар мұны қоғамның экономикалық жетілу деңгейін көрсететін маңызды индикаторлардың бірі деп санайды.
Бірақ мәдениет тек ойын-сауық емес.
Бір кештік концерттің өзі ондаған бизнеске табыс әкеледі. Қонақүйлер толады, мейрамханаларға келушілер көбейеді, такси қызметтері мен шағын кәсіпкерлердің табысы артады. Сондықтан көптеген елдерде мәдени индустрия экономиканың маңызды бөлігі ретінде қарастырылады.
Қазақстанда да бұл нарық біртіндеп қалыптасып келеді. Соңғы жылдары концерттер, театрлар, цирк қойылымдары, спорттық жарыстар мен киберспорт төңірегінде жаңа экожүйе пайда болды. Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс өңірлік туризмнің дамуына да жаңа мүмкіндік ашады.
Виктория Торгунакованың айтуынша, алдағы жылдардағы басты міндет – мәдениетті адамдардың өміріндегі сирек оқиға емес, күнделікті қажеттілікке айналдыру.
Өйткені әлемдік жұлдыздардың қай қалаға келетіні көбіне көрермен санына емес, сол қаланың мәдени орта қалыптастыра алуына байланысты.
Ал Қазақстанның мәдени болашағы жаңа концерттердің санымен емес, сол концерттерді қабылдай алатын қалалардың санымен өлшенуі мүмкін.
Назира Бурханова