2026 жылдың 28 маусымы күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулдығының ұйымдастыруымен «Негізін қалаушылар музейі» халықаралық көрменің салтанатты ашылу рәсімі өтеді.
Көрмеге 80-нен астам туынды ұсынылған. Олардың қатарында АҚШ Тәуелсіздік декларациясына қол қойған қайраткерлердің портреттері мен Америка мемлекетінің қалыптасуына негіз болған тарихи оқиғаларға қатысты материалдар бар. Әрбір туындыға биографиялық карточкада орналастырылған QR-код арқылы қолжетімді интерактивті бейнематериал қоса берілген. Көрменің интерактивті мүмкіндіктері келушілерге тарихи оқиғалар мен тұлғаларды жаңа қырынан танып, өткен дәуірдің тынысын тереңірек сезінуге мүмкіндік береді. Көрменің ашылу салтанатында Аризона штаты Ұлттық гвардиясы оркестрі өнер көрсетіп, аспаптық музыкадан арнайы бағдарлама ұсынады.
Жоба екі маңызды мерейтой аясында – Америка Құрама Штаттары тәуелсіздігінің 250 жылдығы және Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Бұл оқиғалар Америка мемлекетінің бай тарихи мұрасын ғана емес, сонымен қатар екі ел арасындағы мәдениет, білім, ғылым және қоғамдық дипломатия салаларындағы сындарлы ынтымақтастықтың көпжылдық дамуын да көрсетеді.
Көрме қазақстандық көрермендерді әлем тарихындағы маңызды кезеңдердің бірімен таныстырып қана қоймай, музейлердің қоғамдық диалогты дамытудағы, тарихи сананы қалыптастырудағы және мәдени байланыстарды нығайтудағы рөлін айқындай түседі. АҚШ-тың құрылу тарихы арқылы жоба азаматтық жауапкершілік, мемлекет құру ісі, еркіндік, адам құқықтары және тарихи үдерістегі жеке тұлғаның орны сияқты жалпыадамзаттық құндылықтарды назарға ұсынады.
Көрменің өткізілуі халықаралық мәдени ынтымақтастықтың маңызын айқындап, Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары халықтары арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Мұндай жобалар әртүрлі елдердің тарихы мен мәдени мұрасын танып-білуге жол ашып, мәдениетаралық қарым-қатынасты кеңейте түседі.
Көрменің ресми ашылу рәсімі 2026 жылдың 28 маусымында өтеді. Келушілер көрмені 2026 жылдың 26 маусымынан бастап тамашалай алады.