2026 жылдың 9 қыркүйегі күні сағат 16:00-де Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде қазақстандық суретші Динара Кадированың «Kök» атты жеке көрмесінің ашылуы өтеді.

«Kök» көрмесінің атауы аспан мен көк түсті, табиғаттың жасыл реңін бір арнаға тоғыстырып, көк пен жерді, ғарыш пен тіршілікті сабақтастырады. Атаудың астарында аспан, жер және адам өзара тығыз байланыста, біртұтас әлемнің құрамдас бөліктері ретінде қарастырылатын көне тәңірлік дүниетанымның сарыны бар.

Көрменің өзегі – адамның Ғаламмен ажырамас байланысы және оның ұлы әлемнің бір бөлшегі ретіндегі болмысы. Адам бұл туындыларда қоршаған әлемнің бақылаушысы ғана емес, жермен, аспанмен, жұлдыздармен бірдей кеңістік пен уақытты бөлісетін тірі әлемнің табиғи жалғасы ретінде көрінеді. Адамның ғұмыры арқылы Ғалам сезімге, қозғалысқа және тәжірибеге ие болады.

Динара Кадированың шығармалары күнделікті өмірдің қарапайым көріністеріне өзгеше ауқымда қарауға жетелейді. Жұлдыздарға көз тіккен бала, суға секіріп жатқан ұл балалар, сәбиін тербеткен ана, гүлдеген көкнәр алқабы сынды адам өмірінің өткінші сәттері шексіз кеңістік пен уақыт аясында мүлде басқаша қырынан ашылады. Бір қарағанда елеусіз көрінетін осы көріністер мәңгілікпен астасқанда, адам тіршілігінің қайталанбас құндылығын танытады.

Осылайша, күнделікті тіршіліктің өзі айрықша мәнге ие болады. Болмашы әрі өткінші сәттердің өзінен өлшеусіз ұлы құбылыс – Ғаламның тіршілік арқылы танытатын болмысы көрінеді.

«Kök» – тіршілікті Ғалам болмысының бір көрінісі ретінде пайымдайтын, адам мен әлемнің өзара байланысын зерделейтін және ең қарапайым сәттен шексіздікті сезінуге мүмкіндік беретін көрме. Кеңістік пен уақыт өлшемінде адам ғұмыры қаншалықты қысқа көрінгенімен, оның әрбір сәті ұлан-ғайыр әлемдегі қайталанбас құбылыс болып қала береді.

Динара Кадирова – кескіндеме, графика және көркем фотография салаларында еңбек ететін қазақстандық суретші. Оның шығармашылығы жады, адамның дүниені қабылдауы, табиғат және ішкі жан-дүние тақырыптарына негізделген. Суретшінің туындылары Қазақстанда және шетелдерде өткен жеке әрі топтық көрмелерде бірнеше рет көпшілік назарына ұсынылған. Оның еңбектері Қазақстан, Еуропа, Ресей және АҚШ-тағы жеке жинақтарда сақтаулы.

«Kök» жеке көрмесі Динара Кадированың шығармашылық ізденістерінің жалғасы ретінде адам болмысы, оның қоршаған әлеммен байланысы және күнделікті тіршіліктен мән-мағына табу мәселелеріне назар аударады.

Көрме 2026 жылдың 9-30 қыркүйегі аралығында өтеді.

Көрме кураторы – Емангалиева К.А.