Freedom Кино мен ТВ көрермен көзайымына айналған MŪNAI криминалды драмасының екінші маусымын түсіріп жатыр. Оқиға желісі алғашқы маусымдағы оқиғалардан кейін Қазақстанның батысында жалғасады. Жаңа маусымдағы басты рөлді Асқар Ілиясов сомдайды.

Ол қылмыстық топтардың біріне жасырын еніп, олардың арасында тергеу жүргізетін жедел уәкілдің рөлін сомдайды. Оның кейіпкері қылмыстық топтардың аяқ астынан татуласуына не себеп болғанын анықтауы керек. Алайда бұл тапсырма оның өміріне қауіп төндіретін күрделі ойынға айналады.

Көрермендер алғашқы маусымдағы Динара кейіпкерін сомдаған Ақнұр Рахатты да қайта көреді. Оқиғалардан кейін оның өмірі қалай өзгеретіні және жаңа хикаяда қандай рөл атқаратыны әзірге құпия.

MŪNAI сериалының алғашқы маусымын миллиондаған көрермен тамашалады.

Оқиға көрерменді 1990 жылдардағы Батыс Қазақстанға жетелеп, сол өңірдегі ақша, билік пен ықпал үшін күресті суреттеді. Алғашқы маусымдағы басты рөлдерді Данияр Алшинов, Нышанбек Жұбанаев, Айбар Салы және Ақнұр Рахат сомдады.

Бірінші маусымның режиссері Дархан Төлегенов болды. Ал жалғасын Берік Жаханов түсіріп жатыр. Екінші маусыммен алғашқы бөлімнің шығармашылық тобы да жұмысын жалғастыруда: бас продюсер – Алишер Утев, сценарий авторы – Сергей Литовченко.

«Алғашқы маусым көрерменді 1990 жылдардағы Қазақстанның батысындағы қылмыс әлемінің қатал шындығымен таныстырды. Жалғасында жобаға тән атмосфера мен өзіндік ерекшелікті сақтай отырып, оқиғаны әрі қарай дамытамыз. Жаңа кейіпкерлер мен жаңа оқиғалар, жаңа текетірестер пайда болады. Екінші маусым MŪNAI әлемін жаңа қырынан ашып, кейіпкерлер әлі талай кедергілерден өтпек», – деді режиссер Берік Жаханов.

MŪNAI 2 сериалының түсірілімі Қазақстанның батысында өтіп жатыр. Жобаның авторлары сюжеттің егжей-тегжейін, басқа актерлердің есімдерін және тұсаукесердің нақты күнін кейінірек жариялайды.

MŪNAI сериалының екінші маусымы туралы жаңалықтар – Freedom Кино мен ТВ әлеуметтік желілерінде қолжетімді.