Таяуда Ал­маты қаласында Disney студиясының көпшілік сүйіп көрген «Аңдар шаһары» мультфильмінің жалғасы «Аңдар шаһары 2» қазақ тіліндегі нұсқасының тұсаукесері өтті. Көрсетілімге танымал актерлер, қоғам қайраткерлері, депутаттар, дубляж шеберлері мен отандық блогерлер қатысты.

Айта кетейік, анимациялық картина 27 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрында қазақ және орыс тілдерінде көрерменге жол тартқан болатын. Disney жыл сайын әр фильмнің 30-ға жуық тілдегі нұсқасын дайындайды. Әлемдік студиялардың туындыларын қазақшаға аударуға «Қазақ тілі» қоры ұйытқы болып келеді.

P2780022 retouched

«Zootopia 2» - бұл биыл Disney компаниясының қазақша сөйлеткен төртінші туындысы. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен әлемдік студиялар соңғы екі жылда премьераларын қазақ тілінде ұсына бастағанын білетін боларсыздар. Тек 2024 жылы ғана Disney «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» фильмдерін толық қазақша дубляжбен шығарған болса, биыл көзі қарақты көрерменге «Ақшақар», «Лило мен Стич», «Элио» да ұсынылды.

Тұсаукесерде дубляжға қатысқан актерлер келді. Атап айтқанда, актриса және әнші Сабира Жарасқызы Джуди Хоппстың, театр және кино актёры Бақытжан Әлпейіс Милтон Рыcевичтың, театр және кино актёры Асан Мәжит Бого Басекенің (Капитан Буйволсон), театр және кино актёры Еркебұлан Дайыров Дәу Мырзаның (Мистер Биг) дауысын қазақ тілінде дыбыстады.

0T9A3640 retouched

««Аңдар шаһары» – Disney студиясының қаражатынан қазақ тіліне аударылған ерекше туындыларының бірі.Ең біріншіден, қазақ тілінде осындай сапалы дейгейде дубляж жасау ана тілімізге деген қызығушылықты тудырса, екіншіден, біздің қазақтілді аудитория әрбір сеансқа фильмді тамашалауға барған сайын қазақ тіліндегі қаралымның сұранысын арттырып отыр. Біз неғұрлым қазақтілді өнімдерді қолдасақ, халықаралық студиялардың өз қаражатына аударған қазақ тіліндегі фильмдерін жиі көреміз. Осы ретте, «Қазақ тілі» қоғамының осындай игі бастамаларға қолдау көрсетіп, сапалы жұмыс атқарып отырғанына қуаныштымын.

Осыған дейін аталған картинаның алғашқы бөлімі қазақша дыбысталса, енді міне туындының екінші бөлімі қазақ тілінде қалың көрерменге жол тартып отыр. Бұл біздің мәдени кеңістігіміздегі үлкен өзгерістерді көрсететін маңызды оқиға. Әлемдік деңгейдегі контентті қазақша тамашалау қалыпты әрі тамаша дәстүрге айналып келеді. Бұл анимациялық фильм әлемнің қырыққа жуық тіліне аударылды. Қазақ тілі осы ірі тілдермен бір қатарда тұр. Disney секілді әлемдік студиялардың өз туындысын қазақша сөйлетуі – біздің қоғамның мәдени талғамының және тілге деген жаңа ұстанымның нәтижесі. Дәл осындай жобалар тіліміздің табиғи ортасын кеңейтуге зор ықпал етеді.

Қазақ тілді көрермендер, қазақ тілді бүлдіршіндер сапалы контентті ел қатарлы, барлық елдермен бірге сол сапада, әндері болсын, кейіпкерлері болсын көре алатыны расымен де қуанышты жайт. Сұраныс бар, демек бізден ұсыныс та бар. Алдағы уақытта танымал туындыларды қазақ тіліне аудару жалғасын табады.

Жалпы, қазақ тілді контингент осындай фильмдерді қолдаса біз алда көптеген Диснейдің, Пиксардың немесе басқа да бағыттағы кинокомпаниялардың осындай қазақ тіліне өз қаражатымен аударғанын көреміз, деп ойлаймын. Себебі, біз қазақ тілді контентті қолдайтын өзіміз" - дейді халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.

«Аңдар шаһары 2» фильмінде детективтер Джуди Хоппс пен Ник Уайлд аңдар шаһарын дүрліктірген жұмбақ рептилияның ізіне түседі. Тергеу барысында екеуі бүркемеленіп жұмыс істеп, көптеген қауіпті әрі қызықты сынақтан өтеді.

P2779213 retouched

Фильм аяқталғаннан кейін залдағы көрер­­мен қошемет көрсетіп, үздік жобаны ана тілінде ұсынуға атсалыс­қан шығармашылық ұжымға ыстық ықыласын білдірді. Тағы да айта кетейік, «Аңдар шаһары 2» анимациялық фильмі 27 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрына жол тартқан болатын. Барыңыздар. Көріңіздер. Отанды өнімді қолдайық!

Назира Бурханова

Фотограф Виктор Магдеев