22 тамызда Алматыда UNBOUND: Tucson x Almaty халықаралық музыкалық коллаборациясы өтеді. «Ғұндар» этноауылының сахнасында Қазақстан мен АҚШ-тан келген музыканттар бас қосып, дәстүр мен заманауи музыканың тоғысындағы бірегей бағдарламаны ұсынады.

Іс-шара Smithsonian Institution (Вашингтон) және Southwest Folklife Alliance (Аризона) делегацияларының Қазақстанға екінші сапары аясында ұйымдастырылып отыр. Жобаның бас серіктесі – Samruk-Kazyna Trust, ал іс-шара «Chevron» компаниясының қолдауымен өтеді.

Музыкалық бағдарламада Қазақстанның этно-рок және фолк сахнасының танымал өкілдері өнер көрсетеді. Олардың қатарында көне дала дәстүрлерін заманауи рок-музыкамен үйлестіретін эксперименттік фолк ұжымы Duana, этно-рок бағытындағы Aldaspan, альтернативті фолк жанрындағы Steppe Sons және этно-фолк ұжымы Hassak бар.

АҚШ атынан Паскуа-Яки тайпасының өкілі, классикалық гитарист әрі JazzMenco стилінің негізін қалаушы Gabriel Ayala, Old Time/American Folk жанрындағы музыкант, педагог және орындаушы Dan Levenson, сондай-ақ Тусон қаласының латынамерикалық музыкалық дәстүрлерін танытатын Las Azaleas әйелдер тобы қатысады.

Кештің басты ерекшелігі – екі ел музыканттарының жеке қойылымдарымен шектелмей, бірлескен шығармашылық нәтижесінде дүниеге келген жаңа туындылардың ұсынылуы. Артистер ортақ бағдарламаға алдын ала дайындалып, бір-бірінің шығармашылығымен танысып, әртүрлі мәдени дәстүрлерді бір музыкалық кеңістікте тоғыстыру жолдарын іздеді.

«Бірлескен жұмыс өнерпаздар Қазақстанға келгенге дейін әлдеқашан басталды. Музыканттар бір-бірінің шығармашылығымен танысып, идеяларымен бөлісіп, ортақ музыкалық үндестіктің бағыттарын айқындады. Бұл – материалдық емес мәдени мұраны сақтаудың сан алуан жолдарын көрсететін жоба. Далалық, америкалық және латынамерикалық дәстүрлердің бір кеңістікте осыншалықты табиғи үйлесім табуы таңғалдырады. 22 тамызда келіп, мұны өз көзіңізбен көріп, өз құлағыңызбен естіңіз!» – дейді Music Unbound директоры Раушан Джуманиязова.

Музыкадан бөлек – ұлттық мәдениетпен танысу

UNBOUND: Tucson x Almaty бағдарламасы концертпен ғана шектелмейді. «Ғұндар» этноауылында күні бойы мәдени бағдарлама ұйымдастырылады.

Қонақтар қазақтың дәстүрлі салт-жоралғыларымен танысып, олардың көрсетілімін тамашалай алады. Бұдан бөлек, ұлттық ат ойындары, билер, artist talk форматындағы кездесулер және америкалық әрі қазақстандық музыканттардың шеберлік сабақтары өтеді. Арнайы бағдарламалар киіз үйлер кеңістігінде ұйымдастырылып, қатысушыларға әртүрлі мәдени дәстүрлерді жақынырақ тануға мүмкіндік береді.

UNBOUND: Tucson x Almaty – Kazakhstan-Smithsonian Professional Development Project in Intangible Cultural Heritage халықаралық бастамасының маңызды кезеңдерінің бірі. Жоба аясында алматылық Music Unbound ұйымы мен Вашингтондағы Smithsonian Center for Folklife and Cultural Heritage зерттеу орталығы бірлесіп жұмыс істейді.

Бастаманың негізгі мақсаты – Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын зерттеу, сақтау және оны халықаралық деңгейде таныту. Бұл жұмыстың маңызды нәтижелерінің бірі – келесі жылы Қазақстанның ұлттық өнерін Smithsonian Folklife Festival аясында таныстыру.

Вашингтондағы Ұлттық аллеяда жыл сайын өтетін фестиваль әлемдегі тірі мәдени мұраны дәріптейтін ірі халықаралық жобалардың бірі саналады. Оған жыл сайын әлемнің әр түкпірінен жүздеген мың көрермен келеді.

Ауқымды бастаманың бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» қоры. Қор Қазақстанның ұлттық мұрасын халықаралық деңгейде жүйелі түрде танытуға бағытталған жобаларды қолдап келеді.

Биыл қор әйгілі Венеция биенналесінде Қазақстанның Ұлттық павильонының бас серіктесі атанса, енді АҚШ-та қазақтың ұлттық мәдениетін ұзақ мерзімді негізде танытуға бағытталған халықаралық бастамаға қолдау көрсетуде.

UNBOUND: Tucson x Almaty – музыка арқылы мәдениеттерді жақындастыратын жоба. 22 тамызда Алматыда қазақ даласының әуені америкалық және латынамерикалық музыкалық дәстүрлермен бір сахнада тоғысады.