26 қарашада Алматыдағы FORUM сауда-ойын-сауық орталығының атриумында TYUMEN FASHION SHOW IN KAZAKHSTAN сән көрсетілімі өтті. Іс-шара аясында Түмен облысының алты дизайнерлік бренді өз топтамаларын қазақстандық көрермен назарына ұсынды. Көрсетілімге сән индустриясының өкілдері, дизайнерлер, сарапшылар, бизнес өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Подиумда KLIK13, LBRules, Oveyan Anna, «ИРМА», «Это МОЁ» және MONRÊVE брендтерінің топтамалары ұсынылды. Әр бренд заманауи сәнге өзіндік көзқарасын танытып, күнделікті киім үлгілерінен бастап, ерекше пішімдер мен мәдени мұра элементтеріне негізделген шешімдерге дейінгі бағыттарды қамтыды.
2019 жылы негізі қаланған KLIK13 бренді әйелдер киімін ұсынды. Оның топтамасында ерекше пішім, сапалы тігін және жайлылыққа басымдық берілген. Брендтің ерекшелігі – 44-тен 70-ке дейінгі кең өлшемдік қатарды қамтуы.
Дизайнер Людмила Быковскаяның LBRules бренді спорттық және классикалық үлгілерді үйлестірген топтамасын көрсетті. Жинақта қанық түстер, айрықша принттер, күнделікті киімдер мен кешкі образдар ұсынылды.
Ал дизайнер Анна Овеян экотеріге басымдық берді. Оның топтамасына былғары күртешелер, бомберлер, жейделер, жеңсіз күртешелер мен тренчтер енген. Бұл үлгілерді күнделікті киіммен де, сәнді образдармен де үйлестіруге болады.

Ирина Григорьева негізін қалаған «ИРМА» бренді эстетика, жайлылық пен әйел болмысын айқындайтын киім үлгілерін ұсынды. Дизайнердің шығармашылық ұстанымы «мағынасы бар киім» идеясымен сабақтас.
Көрсетілімдегі ерекше топтамалардың бірі – «Это МОЁ» брендінің «Өмір ағашы» («Древо жизни») жинағы. Ол ханты және манси халықтарының дәстүрлі ою-өрнектерінен шабыт алған. Дизайнерлер ұлттық нақыштарды заманауи үлгілермен үйлестіріп, күнделікті киюге ыңғайлы киімдер жасаған. Топтамада қызыл, қара және ақ түстерге ерекше мән берілген. Олардың әрқайсысы өмір, жер, күш, тазалық пен руханият ұғымдарын білдіреді.
Көрсетілімді 2016 жылы құрылған MONRÊVE бренді түйіндеді. Брендтің шығармашылық тұжырымдамасы ерекше әрі өзіндік мінезі бар образдар жасауға негізделген. Оның креативті директоры әрі дизайнері – Ксения Ракецкая, ал тең құрылтайшысы – Яна Шахарева.

Іс-шараның негізгі мақсаттарының бірі – Қазақстан мен Түмен облысының сән индустриясы өкілдері арасындағы кәсіби байланысты дамыту. Көрсетілім тюмендік дизайнерлерге өз жұмыстарын қазақстандық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік берсе, жергілікті сән қауымдастығы үшін жаңа брендтермен және олардың шығармашылық шешімдерімен танысу алаңына айналды.
«Сән саласындағы ынтымақтастық жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ол өңірлердің мәдени ерекшеліктерін таныстыруға және дизайнерлік киімдердің таңдауын кеңейтуге мүмкіндік береді. Мұндай тәжірибе алмасу жаңа идеяларға шабыт беріп, fashion және beauty индустриясының дамуына серпін қосады», – деді жобаның Қазақстандағы серіктесі, fashion retail саласының сарапшысы Салтанат Ибраева.
Көрсетілім соңында дизайнерлер мен модельдер ортақ подиумға шығып, қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Бұдан кейін қонақтар мен сала өкілдері бейресми жағдайда пікір алмасып, кәсіби байланыстарын нығайтты.
Осылайша, TYUMEN FASHION SHOW IN KAZAKHSTAN қазақстандық көрерменді Түмен облысының алты дизайнерлік брендімен таныстырып қана қоймай, екі өңірдің сән индустриясы арасындағы мәдени әрі кәсіби диалогты дамытуға мүмкіндік берді.
Назира Бурханова
Фотограф Наиль