Xiaomi Inc. компаниясының құқық иесі ретінде жолдаған өтініштері негізінде Алматы қаласының Әділет департаменті қаладағы ірі сауда орындарының бірінде жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеру барысында Xiaomi, Redmi және mi сияқты тіркелген тауар белгілерінің заңсыз пайдаланылу фактілері анықталды.
Кәсіпкерлік субъектілері Xiaomi Inc. компаниясына тиесілі брендтерді рұқсатсыз қолдана отырып, контрафактілік өнімдерді – ұялы телефондар мен аксессуарларды – саудаға шығарған.
Нәтижесінде жалпы құны 5 832 400 теңгеге бағаланатын 724 дана өнім тәркіленді. Анықталған заңбұзушылықтар Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 158-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке негіз болады. Қазіргі уақытта іс материалдары сотқа жолданып, тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Алматы қаласының Әділет департаменті зияткерлік меншік құқықтарын қорғаудың маңыздылығын еске салады. Контрафакт өнімдерін тарату тұтынушылардың сеніміне сызат түсіріп қана қоймай, заңды бизнесті шығынға ұшыратады және құқық иелерінің мүдделеріне зиян келтіреді. Мұндай құқықбұзушылықтар заңмен қудаланады.
Зияткерлік меншік саласындағы заңсыз әрекеттердің алдын алу және жолын кесу жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Алматы қаласы Әділет департаментінің баспасөз қызметі