Алматы қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының процессинг орталығының басшысы Айдын Меркімбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қазіргі үлгідегі электровелосипедтің көбі техникалық тұрғыда мопедке жататынын атап өтті.
Оның айтуынша, қуаты 250 ваттан асатын әрі сағатына 25 шақырым алатын көлік міндетті түрде тіркелуі тиіс. Ол үшін мемлекеттік нөмір, техникалық құжат пен сақтандыру полисін алу қажет. Сондай-ақ, мұндай көлікті «А» санатындағы жүргізуші куәлігі барлар ғана басқара алады.
Алматыда соңғы жылдары электровелосипедшілер саны едәуір артқан. Бұл қала тұрғындарына ыңғайлы әрі экологиялық тұрғыда таза көлік болғанымен, оны пайдаланар кезде заң талаптары ескеріле бермейді.
Мәселен, жыл басынан бері Алматыда мопедтер 534 рет жол апатына ұшыраған. 10 мыңнан астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 700 көлік айыптұраққа қойылыпты. Электросамокат пен электровелосипедтің иелері 12 мыңға жуық құқықбұзушылық жасаған.
«Мақсатымыз осы заманғы көлік түрін шектеу емес, керісінше – олардың қалалық ортаға қауіпсіз кірігуін қамтамасыз ету. Біз халықтың электровелосипедке құмарлығын түсінеміз де, көліктің экологиялық таза түрін енгізуді қолдаймыз. Бірақ бұл заң шеңберінде жүзеге асуы тиіс», – деді Айдын Меркімбаев.
Полиция түсіндіру жұмыстарын жалғастырып, қажет болған жағдайда әкімшілік шаралар қолданатынын хабарлады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ