Алматы 22–23 қазан күндері туризм саласындағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған алғашқы Өңірлік БҰҰ конференциясын қабылдайды. Іс-шара БҰҰ Туризм ұйымы (UN Tourism), Алматы қаласы әкімдігі және Almaty Tourism Bureau бірлесіп ұйымдастырып отырған «Central Stage» жаһандық бастамасының аясында өтеді.
Бүгін Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында шараның мазмұны мен маңызы таныстырылды. Онда халықаралық ұйымдар, қала билігі және туристік индустрия өкілдері туризмнің тұрақты дамуы, цифрландыру, мәдени мұраны сақтау және әйелдердің рөлін арттыру мәселелерін талқылады.
UN Tourism атқарушы директоры Зорица Урошевичтің айтуынша, Алматы халықаралық туризм картасында ерекше орын алып келеді:
«Алматы - болашақ туризмінің айнасы. Мұнда экономикалық даму мен әлеуметтік жауапкершілік қатар жүреді. Қала инклюзивті және тұрақты туризм қағидаттарын белсенді түрде дамытып келеді», -деді спикер.
Оның мәліметінше, өткен жылы Алматыға 1,3 миллион турист келген - бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 19% жоғары. Қазақстан бойынша 10,5 миллион азамат ішкі турист саналады. Елдің Дүниежүзілік туризм бәсекеге қабілеттілік индексінде 66-орыннан 57-орынға көтерілуі туризмнің даму қарқынын көрсетеді.
Алматы қаласы Туризм басқармасы басшысының орынбасары Ақмарал Ещанова бұл конференцияның маңызы зор екенін атап өтті:
«Бұл шара - Алматының тең мүмкіндіктер мен тұрақты даму бағытындағы нақты үлесі. Әйелдердің көшбасшылығын және кәсіпкерлік әлеуетін қолдау - бүкіл туризм саласының өсуіне серпін береді», - деп атап өтті басшы орынбасары.
Almaty Tourism Bureau директоры Дияр Аскаров туризмнің инклюзивті және әлеуметтік бағытта дамуы қаланың басты мақсаты екенін айтты:
«Біздің міндетіміз - туризмді ашық әрі халыққа қолжетімді ету Әйелдердің рөлін арттыруға арналған конференция — осы бағыттағы маңызды қадам», - деді ол.
Брифингке «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілдері де қатысып, бұл бастаманың Қазақстанда көтерілгенін және алғашқы конференцияның дәл Алматыда өтетінін атап өтті. Қала бүгінде Орталық Азияның жетекші туристік орталығы саналады және UN Tourism ұйымының «Central Stage» бағдарламасының басты алаңына айналған.
Конференция Алматының халықаралық беделін нығайтып қана қоймай, өңірдегі тұрақты және инклюзивті туризмнің дамуына серпін береді деп күтілуде.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ