25 қазан күні сағат 11:00-де «Медеу» мұз айдынында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру және Мемлекеттік Гимнді жаппай орындау салтанатты рәсімі өтті. Республика күніне орай ұйымдастырылған іс-шараға шамамен үш мыңға жуық адам қатысып, керемет көріністен ерекше әсер алды.

Патриоттық акцияға Алматы әкімі Дархан Сатыбалды, қалалық әкімдік өкілдері, спортшылар, әскери қызметшілер, студенттер, оқушылар және қала тұрғындары қатысты. Оркестр әуенімен Қазақстанның Мемлекеттік Туы Алматының бірлігін, күш-қайратын және спорттық даңқын білдіретін аңызға айналған «Медеу» үстінде салтанатты түрде көтерілді.

— «Қазақстанға 35 жыл. Біз тәуелсіз ел болдық, бүгінде өз елімізді, өз гимніміз бен туымызды барлық халықаралық ареналар мен жарыстарда танытып жүрміз. Бірлікте мықты екенімізді дәлелдеп келеміз. Осындай мерекелердің маңызы зор. Біз жастарға отансүйгіштікті, елге деген сүйіспеншілікті көрсетуіміз керек. Осындай шаралар арқылы жастардың бойында елге деген мақтаныш пен махаббат қалыптасады», — деді Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина.

Ту көтерілгеннен кейін қатысушылар Мемлекеттік Гимнді бір дауыспен орындады. Гимнді жаппай орындау — қазақстандықтардың Отанға деген сүйіспеншілігі мен тәуелсіз елінің жетістіктеріне деген мақтанышының айқын көрінісі болды.

— «Бүгін — ерекше күн. Дәл осыдан 35 жыл бұрын еліміздің тарихында ұлы өзгеріс орын алды — Мемлекеттік тәуелсіздік туралы декларация қабылданды. Бұл тәуелсіз мемлекет құру жолындағы алғашқы қадам еді. Бүгін, міне, 35 жылдықты атап өтіп отырып, Қазақстан тәуелсіз, егемен ел ретінде орнықты деп нық сеніммен айта аламыз. Осындай шуақты күні осынша көп жастардың жиналуы қуантады. Бүгін еліміздің рәмізі – Туымыз көтерілді. Барлық жерлестерімізге, алматылықтарға және қазақстандықтарға Қазақстанның тәуелсіздігі мәңгі болсын дегім келеді», — деді генерал-лейтенант, «Қазақстан генералдар кеңесі» РҚБ президиумының төрағасы Бексұлтан Сәрсеков.

Алматыда мұндай патриоттық акцияларды өткізу жақсы дәстүрге айналған. Олар азаматтық бірегейлікті нығайтуға, мемлекеттік рәміздер мен тәуелсіз Қазақстан тарихына құрмет сезімін тәрбиелеуге бағытталған.

Іс-шара қазақстандық танымал әртістердің қатысуымен өткен мерекелік концертпен аяқталды.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ