Алматыда халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту шаралары туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарын таныстырды.

Оның айтуынша, Алматы әкімдігі үшін басты мақсат – тұрғындардың өмір сапасын арттыру және көмекке мұқтаж азаматтарға нақты қолдау көрсету.

Қалада бүгінде 2,2 миллионнан астам адам тұрады. Соның шамамен 370 мыңы әлеуметтік осал санатқа жатады: зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар, ардагерлер мен жетім балалар.

Биыл осы бағыттағы бағдарламаларды жүзеге асыруға мемлекеттік бюджеттен 30,5 млрд теңге бөлінді.

«Әлеуметтік төлемдердің ашықтығын қамтамасыз ету үшін цифрлық шешімдер енгізілді. Солардың бірі – FSM Social мобильді қосымшасы. Ол бюджеттік қаражаттың тиімді жұмсалуына мүмкіндік береді», – деді Нұрлан Әбдірахым.

Өткен тоғыз айда 190 мың тұрғын жалпы сомасы 4,3 млрд теңге көлемінде әлеуметтік көмек алған. Оның ішінде аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді.

Қалада осал топтардың мәселелерін тұрақты шешу үшін әлеуметтік уәкіл институты жұмыс істейді. Ол азаматтардың құқықтарын қорғап, кері байланыс орнатуға көмектеседі.

Жұмыспен қамту шаралары да белсенді жүргізілуде. Биыл 23 мың адам қамтылды: 11,4 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты, 11 мыңы субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді, 770 адам кәсіби оқудан өтті.

Сонымен қатар, 433 жас кәсіпкерге әрқайсысына 1,5 млн теңге көлемінде грант берілді. Олардың 63 пайызы – көпбалалы отбасылардың мүшелері.

Зейнеткерлерге арналған «Алтын жас» жобасы да жалғасуда. Бағдарлама аясында еңбекке тартылған зейнеткерлердің жалақысына 85 мың теңге көлемінде субсидия төленеді. 2025 жылы жобаға 487 зейнеткер қатысқан.

Қабылданған шаралардың арқасында қаладағы жұмыссыздық деңгейі 4,7%-дан 4,4%-ға дейін төмендеді, бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен төмен.

«Біздің мақсат – әлеуметтік тең мүмкіндіктер жасау, инклюзивті қоғам қалыптастыру және жаңа жұмыс орындарын ашу. Әрбір алматылық өзін сенімді әрі қорғалған сезінуі керек», – деді әкім орынбасары.

Сондай-ақ, ол жастарды қолдау шаралары туралы айтты. Енді колледж және жоғары оқу орындары түлектері тәжірибеден Enbek.kz порталы арқылы онлайн өтеді. Платформада түйіндемелер мен бос орындар орналастырылады және келісімшарттар электронды түрде рәсімделеді.

Skills.enbek.kz сайтында «Өз мансабыңды құр» атты онлайн-курс іске қосылған. Ол жастарға еңбек нарығында өз орнын табуға қажетті дағдыларды үйретеді. Ал mansap.kompasy порталында мамандықтар, оқу бағдарламалары, жалақы деңгейі мен мансаптық мүмкіндіктер туралы толық ақпарат қолжетімді.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ