Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Департаментінің 2025 жылғы қызметінің қорытындысы шығып, 2026 жылға арналған міндеттері айқындалды. Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Департамент басшысы Мұрат Мұратбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2025 жылы Департамент негізгі бағыттар – медициналық-әлеуметтік сараптама, азаматтарды зейнетақымен және әлеуметтік қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың құқықтарын қорғау саласында тұрақты әрі жүйелі жұмысты қамтамасыз етті. Барлық әлеуметтік төлемдер мен қызметтер халыққа уақтылы және толық көлемде көрсетілді.
Жыл ішінде 24 мыңға жуық адам медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтті. Бұл ретте алғаш рет мүгедектікке шығу көрсеткішінің қарқындылығы жақсарып, 20,5%-ды құрады, бұл республикалық деңгейден төмен. Аталған көрсеткіш аурудың алдын алу мен ерте анықтаудағы оң өзгерісті көрсетеді.
«2025 жылы медициналық-әлеуметтік сараптамалардың шамамен 44%-ы сырттай (проактивті форматта) жүргізілді. Бұл әлеуметтік қызметтің қолжетімділігін арттырып, азаматтарға түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға сеп болды» – дейді Мұрат Мұратбеков.
Алғаш рет куәландырылған азаматтардың ішінде мүгедектігі бар тұлға деп танылғандардың үлесі 96%-ды құрады. Бұл медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдамалардың негізділігін және медициналық іріктеудің сапасын растайды. Мүгедектік құрылымында объективті демографиялық үрдістер сақталып отыр: зейнет жасындағы адамдардың үлесінің артуы, сондай-ақ ересектер арасындағы онкологиялық аурулардың және балалар арасындағы психикалық кінәраттың әсері байқалады.
Оңалту саласында да ілгерілеу бар. 2025 жылы толық және ішінара оңалтуға қол жеткізген азаматтардың үлесі артты, сонымен қатар жағдайы ауырлағандардың көрсеткіші де төмендеген. Біраз көрсеткіш бойынша Алматы республикалық орташа деңгейден жоғары нәтиже көрсетті.
«2025 жылдың қорытындысы қаланың әлеуметтік қорғау жүйесінің тұрақты жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. 2026 жылы біз профилактикаға, оңалтуды дамытуға, проактивті сервистерді кеңейтіп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға басымдық беріп, жұмысты жалғастырамыз», – деді Департамент басшысы.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ