Қаланың әр алтыншы тұрғыны Отбасы банкінің тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы баспанаға ақша жинап жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Отбасы банкінің былтырғы жұмысының қорытындысы мен 2026 жылға арналған жоспары жарияланды.

Онда Отбасы банкінің Алматы қалалық бөлімшесі директорының орынбасары Кәмшат Оңалбаева негізгі нәтиже мен қала тұрғындарына жасалған жаңа мүмкіндіктерді баяндады.

«Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы саналатын Отбасы банкінде алматылықтар жалпы сомасы 410,4 млрд теңге болатын 360 мың депозит ашқан. Банктің көмегімен 70 284 отбасы баспанаға қол жеткізді. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне деген қызығушылық артып келеді: соңғы үш жылда жаңа депозит саны үш есе өсті. 2023 жылы 26,4 мың салым ашылса, алматылықтар былтыр рекорд жасап, 86,9 мың жаңа депозит рәсімдепті.

«Алматылықтар үй сатып алар кезде алдымен жинақтап алып, кейін барып сатып алатын болды. Бұл болашақтағы кредит жүктемесін азайтып, қарызды тиімді шартпен алуға мүмкіндік береді. Былтыр банк 16 444 қолжетімді қарыз берді. Мұнда «Наурыз» бағдарламасы мен «Наурыз жұмыскер» жаңа бағыты маңызды рөл атқарды», – деп атап өтті Кәмшат Оңалбаева.

Былтыр берілген қарыздың жалпы сомасы 44,5 трлн теңгені құрады. «Наурыз» бағдарламасы арқылы 2 230 қала тұрғыны баспана сатып алса, «Наурыз жұмыскер» бағыты арқылы 750 кәсіпорын қызметкері үй алған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен іске қосылған «Наурыз» бағдарламасы елімізде екі жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақытта 15 мың адам қоныс тойын атап өтіп, көбі алғашқы пәтерін алған.

«Наурыз» бағдарламасы тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, жинақ мәдениетін қалыптастырады. Үнемшілдік қарыз шартына тікелей әсер етеді: адам неғұрлым көп әрі ұзақ жинаса, пайыздық мөлшерлеме соғұрлым төмен болады. Жинақтар уақыт өте келе алынған қарыз бойынша мөлшерлемені де төмендетуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті бөлімше директорының орынбасары.

«Наурыз» бағдарламасы 2026 жылы да жалғасып, өтініш қабылдау жылдағыдай наурыз айында басталады.

Отбасы банкінің ұлттық даму институтына айналуы да маңызды кезең болды. Бұл оның мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асырудағы рөлін кеңейтті. Банк 16 мемлекеттік дерекқормен және ақпараттық жүйемен интеграцияланып, кезекте тұрғандарға тұрғын үйді есепке алу мен бөлудің барлық процесін толық цифрландырып, автоматтандырды. Тұрғын үйді бөлу процесін ашық еткен orken.otbasybank.kz цифрлық платформасы да іске қосылды.

«Бүгінде жалдамалы және кредиттік тұрғын үйді бөлу кезінде негізгі факторлар – кезекке тұрған күн мен санаттардың басымдығы. Барлық деректі біз мемлекеттік базалардан тікелей аламыз. Анықтама жинап, бөлімшеге барудың қажеті жоқ, бұл ыңғайлы, уақытты да үнемдейді», – деді Отбасы банкінің Алматы қалалық бөлімшесінің бизнес дамыту басқармасы басшысының орынбасары Шах-Мұхаммед Жақан.

Тұрғын үйді бөлуге қатысу үшін кезекте тұрған азаматтар orken.otbasybank.kz порталындағы жеке кабинетінде дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беріп, egov.kz порталында телефон нөмірін жаңартуы қажет. Мұны орындамағандар кезектегі орнын жоғалтпайды, бірақ деректі түгендеп алмайынша жалдамалы немесе кредиттік тұрғын үй ала алмайды.

Жастардың тұрғын үй мәселесін шешуде «Алматы жастары» бағдарламасы маңызды рөл атқарып отыр. Былтыр осы бағдарлама арқылы 2 189 алматылық жас баспана сатып алды. Қала әкімдігі мен Отбасы банкінің бірлесуімен жүзеге асқан бағдарлама жасы 35-ке дейінгі Алматы тұрғындарына арналған. Жоба 2017 жылы іске қосылғалы бері 8 239 жас қала тұрғыны қоныс тойын атап өтіп, берілген қарыздың жалпы сомасы 146,4 млрд теңгеге жеткен. Бағдарламаны іске асыруға былтыр 46,5 млрд теңге бөлінді. Кредит 5% мөлшерлемемен (ЖЭСМ 5,2%-дан 5,7%-ға дейін), бастапқы жарнасы кемінде 10% болу шартымен беріледі.

Тағы бір маңызды бағыт – балалардың білім алуына арналған жинақтар. 2025 жылы Қазақстанда «Келешек» мемлекеттік жинақтау жүйесі іске қосылды. Бағдарлама аясында 5 жасқа толған 7 340 бала бастапқы білім беру капиталын алды: Отбасы банкіндегі «AQYL» депозиттеріне 1,7 млрд теңге аударылды. 2026 жылы 5 жасқа толатын балаларға мемлекет 60 АЕК немесе 259 500 теңге аударады. Ал жетім балалар мен ата-анасыз қалған балалар үшін бұл сома 120 АЕК немесе 519 000 теңгені құрайды.

«“Келешек” бағдарламасы балаларға болашаққа нақты старт береді. “AQYL” депозитіндегі барлық қаражат – ата-аналардың жарналары, мемлекеттің бастапқы капиталы, банктің сыйақысы және мемлекеттік премия – жинақталып, көбейеді. 18 жасқа келгенде баланың қолында Қазақстанда немесе шетелде білім алуға бағыттауға болатын қомақты сома қалыптасады», – деп түсіндірді Кәмшат Оңалбаева.

2026 жылы «AQYL» депозиті бойынша ең төменгі жылдық жарна 24 АЕК немесе 103 800 теңгені, әлеуметтік осал санаттарға 12 АЕК немесе 51 900 теңгені құрайды. Жетім балаларға міндетті жылдық жарна қарастырылмаған. Депозитке банктің жылдық 14,9% сыйақысы (ЖЭСМ 16%-дан) ай сайын капитализациямен есептеледі, сондай-ақ жыл сайын мемлекеттік премия төленеді: барлығына 5%, ал жекелеген жеңілдетілген санаттарға 7%. Қазір Алматыда «AQYL» білім беру депозитінің 14 639 шоты ашылған.

Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ