Өңірлік коммуникациялар қызметі Алматының Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, баспасөз турын өткізді. Іс-шара барысында журналистерге соңғы екі жылда құтқару бөлімшелерінің жұмысында жүзеге асқан өзгерістерді таныстырды. Негізгі назар өрт сөндіру бөлімдерін жаңғыртуға, техниканы жаңартуға, цифрлық шешімдерді енгізу мен төтенше жағдай кезінде жедел әрекет ету деңгейін арттыруға аударылды.
№15 жаңа өрт сөндіру бөлімінің аумағында Алматы қаласы ТЖД бастығы Дамир Ермағамбетов қалада өрт деполары желісі дамып жатқанын айтты.
«Қаңтар айында мұнда жаңа модульдік өрт сөндіру бөлімі ашылды, ол бөлімшелер қазірдің өзінде кезекшілікке кірісіп кетті. Алдағы уақытта тағы осындай екі депоны ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір онда жеке құрамды оқытып, техниканы сынақтан өткізіп жатыр. Алматыға жалпы 35 өрт депосы керек екен, қазір осы бағытта көп жұмыс қолға алынды», – дейді ол.
Дамир Ермағамбетовтің айтуынша, олардың жұмысы өрт сөндірумен ғана шектелмейді екен.
«Біздің бөлімшелер жыл бойы қызмет істейді: көктемде – су тасқынына қарсы іс-шараға қатысып, қыста қар құрсауынан құтқарады адамдарды, жазда өрт сөндіреді, күзде – жолдардың лайсаң кезеңі мен жылыту маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысады», – деді департамент басшысы.
Материалдық-техникалық базаны жаңартуға ерекше назар аударылған. 2025 жылдың соңында ТЖД қарауына жаңа негізгі және қосымша техника, оның ішінде жол талғамайтын әрі мобильді автокөлік берілді.
«Бұл техниканың барлығы жылдамдықты қамтамасыз етеді. Біздің міндетіміз – төтенше жағдай аймағына мүмкіндігінше тез жетіп, адамдарға дер кезінде көмек көрсету», – деп атап өтті Дамир Ермағамбетов.
Ол табиғи қауіп-қатерлерді азайту бағытындағы жұмыстарға да тоқталды.
«Қала бойынша 211 көшкін қаупі бар учаске анықталған, қазір Геодезия институтымен бірлесіп, оларды құжаттап жатырмыз. Былтырдың соңынан бері ең қауіпті тоғыз учаскені нығайтуды қолға алдық. Су тасқынына келсек, айтарлықтай қауіп жоқ, дегенмен біздің бөлімшелер үнемі инженерлік жұмыстар жүргізіп, өзеннің бойына мобильді бекеттер қояды», – деді спикер.
Дамир Ермағамбетов журналистерге теңіз деңгейінен 2500 метрден астам биіктікте орналасқан бірегей өрт сөндіру бөлімі туралы да айтып берді.
«Бұл ТМД елдеріндегі таудағы ең биік құтқару бөлімшесінің бірі. Ол әмбебап бөлімше: мұнда өрт сөндірушілер мен құтқарушылар ғана емес, дәрігерлер де кезекшілік атқарады. Соларға арнап зардап шеккен екі адамды бірге тасымалдап, медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін замандық реанимобиль сатып алынды», – деп хабарлады Ермағамбетов.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ