Қазақ мемлекеттік циркі Алматыда халықаралық гастрольдік жобасын ұсынып, әртістерінің әлемдік аренадағы жарқын жеңісі туралы мәлімдеді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында цирк басшылығы мен әртістері италиялық Belissimo бағдарламасының гастрольі басталғанын, сондай-ақ Ташкентте өткен халықаралық фестивальде қатарынан алтын мен күміс жүлдеге ие болғандарын қуана хабарлады.
Әлемге танымал әртістер Флавио мен Бруно Тонидің жетекшілігімен өтетін Италия циркінің Belissimo бағдарламасы Алматыға гастрольдік сапармен келеді. Шоу техниканы, талғампаздықты, әзіл мен италиялық темпераментті шебер үйлестіріп, көп елде көрерменнің ыстық ықыласына бөленген.
«Алматы циркінің манежінде бенгал мен ақ жолбарыстар, сондай-ақ Орталық Азияда алғаш рет бірегей алтын жолбарыстар өнер көрсетеді осы жолы. Бағдарламада үш мәрте сальто-мортале жасайтын акробаттар, эквилибристер, жонглерлер мен арқан бойымен жүретін әртістер, әсем жылқы нөмірлері, нәзік италиялық әзілге құрылған клоунада, қарқынды музыка мен әсерлі визуалды шешімдер бар», - дейді цирк директоры Мақсат Жайықов.
Белгілі цирк әулетінің өкілі саналатын Флавио мен Бруно Тони Monte-Carlo International Circus Festival фестивалінде бірден бес мәрте (оның ішінде алтын және күміс) марапатқа ие болған бірегей цирк ұжымы. Отбасылық аудиторияға арналған олардың бағдарламасы балалар мен ересектерді бірдей баурап алады. Belissimo-ның Алматыдағы гастрольі 14 ақпанда басталып, 24 наурызға дейін жалғасады. Бұл — әлемдік деңгейдегі еуропалық цирк мәдениетімен танысатын үлкен мүмкіндік.
Әулеттің төртінші буын мүшесі Флавио Тонидің айтуынша, отбасы Алматыны гастрольге әдейі таңдап алыпты.
«Біз бұл әсем қалаға арнайы келдік, себебі Еуропада Алматының циркі туралы көп естідік. Оны мықты әрі беделді сахна санайды, сондықтан осында жұмыс істеп көргіміз келді», - дейді әртіс.
Алғашқы қойылымнан-ақ Алматыны дұрыс таңдағанына көз жеткізіпті.
«Өткен демалыс күндері алғашқы шоулар өтті, біз залдың қалай қабылдағанын көрдік сонда. Көрермендерге бағдарлама шынымен ұнады, бізге де ең керегі осы болатын», - деп атап өтті Флавио Тони.
Бруно Тони жануарлармен 13 жасынан бері жұмыс істейді, бүгінде 11 жолбарыстан тұратын топпен өнер көрсетеді. Оның айтуынша, әртістер көрермендердің есінде қалатындай ерекше өнер көрсетуге тырысады екен.
«Көрермен циркке келген кезде, уайым-қайғысын ұмытқысы келеді. Біз солардың көңілінен шығуға тырысамыз. Сосын біз балалармен ғана емес, ересектер үшін де жұмыс істейміз, өйткені әр ересектің ішінде бір-бір бала жасырынып жатыр», - дейді Бруно Тони.
Гастрольдік жобалармен қатар, Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері II International Youth Festival of Circus Art Silk Road фестивалінде ел намысын абыроймен қорғады. Байқау қорытындысы бойынша алматылық әртістер алтын мен күміс жүлдені қатар алып, үлкен қуанышпен елге оралған.
Алтын медаль «Әуе сферасы» атты жұптық сақина жанрындағы нөмірі үшін Жасмин Алшынбаева мен Авелина Гузейге (жетекшісі — Зарина Тапалова) табысталды. Күміс жүлдені «Доптарды еденге соғып жонглерлеу» нөмірімен (жетекшісі — Равиль Сейдгариев) Алматылық цирк әртісі Салаватов Али жеңіп алды.
«Фестиваль аясында Өзбекстен мен Қазақстанның мемлекеттік циркі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат бірлескен жобаларды дамытып, әртістер алмасып, қойылым қойып, халықаралық бағдарламаларға қатысуды көздейді», - дейді Мақсат Жайықов.
Фестивальдегі жеңістер мен жаңа серіктестік келісімдер қазақстандық цирк мектебінің жоғары деңгейін, оның халықаралық мәдени кеңістіктегі белсенді орнын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Алматы тұрғындары мен қала қонақтары әлемдік деңгейдегі бірегей халықаралық цирк шоуын тамашалауға шақырамыз. Бұл шоу еуропалық цирк өнерімен таныстырады. Қойылым 14 ақпан мен 24 наурыз аралығында Алматы циркінде өтеді, билетті Ticketon сайтынан ала аласыз.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ