Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заңгерлері Қазақстан Республикасы Конституциясының жобасын түсіндіруге арналған жаңа оқу құралын әзірлеп, таныстырды. Кітаптың тұсаукесері Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәслихатында өтіп, ол 15 наурызда өтетін алдағы республикалық референдумға орайластырылды.
Авторлар жаңа Конституция әр азаматтың құқығы мен бостандығына, сондай-ақ өмір сүру сапасына тікелей қатысты екенін атап өтті. Сондықтан оның ережелерін мамандар ғана емес, бүкіл қоғам білуі керек дейді.
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраеваның айтуынша, жаңа оқу құралы қалың жұртшылыққа арналған.
«Бұған дейінгілері көбіне судьялар, заңгерлер мен ғылыми қауымдастық сияқты кәсіби ортаға бағытталатын. Қазіргі құралдың мақсаты – қолданыстағы нормаларды, жаңа ережелер мен олардың құқықтық салдарын қарапайым әрі түсінікті тілде халыққа жеткізу. Жаңа нормалар ерекше белгіленіп, олардың негіздемелері қатар берілген», – деді профессор.
Көлемі 200 беттен тұратын оқу құралында қолданыстағы Конституцияның 80 пайыздан астамы жаңартылатынын барынша түсінікті етіп жеткізген. 80 пайыздан асса - жаңа конституция деуге де болады. Бұл құжат азаматтарға референдумға белсене қатысып, өзгерістің мәнін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ