Алматыда жастар Референдумға арналған ақпараттық науқанға бел шеше кірісті. Әдеттегі форматтан бөлек, жас буын цифрлық құралдарды пайдаланып, әсіресе TikTok платформасында бейнероликтер түсіріп, танымал трендтерді қоғамдық маңызы бар тақырыптарға бейімдеп жатыр.
Бастамаға қатысушылардың айтуынша, қысқа видео форматы дауыс беруге қатысудың маңызын құрдастарына қарапайым әрі түсінікті тілде жеткізуге мүмкіндік береді екен. Роликтерде жастар референдумның не екенін, әр азамат өз ұстанымын қалай білдіре алатынын түсіндіреді. Бейнелер өзекті хештегпен, интерактивті сауалнамамен және креативті сценарийлермен толықтырылып, аудиторияға түсінікті тілде түсірілген.
Онлайн-белсенділіктен бөлек, алматылық еріктілер офлайн форматта да жұмыс жүргізе бастады. Көпшілік жерде — саябақтарда, сауда орталықтарында, жаяу жүргіншілер көшелерінде ақпараттық буклеттер таратып, тұрғындарға кеңес беріп, қойған сұрақққа жауап беріп жатыр. Әсіресе, референдумға қатысу тәртібі мен азаматтық жауапкершіліктің маңызын түсіндіруге басымдық берілген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның мақсаты — үгіт-насихат жүргізу емес, халықтың құқықтық сауаттылығын арттырып, азаматтық белсенділігін күшейту. Жас белсенділердің пікірінше, елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысу саналы таңдау жасап, болып жатқан үдерістердің мәнін түсінуден басталады.
Сарапшылар мұндай форматтағы жұмысты азаматтық белсенділіктің жаңа үлгісі ретінде бағалайды. Онда дәстүрлі ақпараттандыру тәсілдері цифрлық платформалардың мүмкіндіктерімен үйлесімді ұштасады. Әлеуметтік желілерді пайдалану жас ұрпақпен олардың тіліне жақын форматта диалог орнатуға жол ашады.
Ақпарат көзі: Алматы қаласының ӨКҚ