Көктемгі демалыс қарсаңында Алматы ерекше мәдени оқиғаның орталығына айналды. Almaty Arena-да 11,5 мыңнан астам жас домбырашының басын қосқан ауқымды флешмоб өтті. Қаланың түкпір-түкпірінен келген мектеп оқушылары бір мезетте күй мен заманауи композицияларды орындап, кеңістікті ұлттық аспаптың қуатты үнімен тербетті.
Алғашқы әуеннен-ақ зал ерекше атмосфераға бөленді: мыңдаған домбыра үні бір арнаға тоғысып, дәстүр мен қазіргі мәнерді ұштастырған тұтас музыкалық кеңістікке айналды. Флешмоб репертуарында қазақстандық танымал композиторлардың шығармалары, сондай-ақ күйші-виртуоз Асылбек Еңсеповтің кеңінен танымал туындылары орындалды. Оның шығармашылығы бүгінде ұрпақтар арасындағы алтын көпірге айналған.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында сахна жұлдыздары мен Гиннестің рекордтар кітабының өкілдері болды. Бұл флешмобтың маңызын арттырып, жас өнерпаздарды қолдауға және ұлттық мәдениетті дамытуға үлкен серпін берді.
Флешмобқа қатысушылардың бірі — №189 мектептің оқушысы Нұрсұлтан Құдайбергенов. Ол осындай ауқымды іс-шараға қатысқанына қуанышты екенін айтып, барша қазақстандықтарды келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады.
Музыка пәнінің мұғалімі Қарлығаш Қалмамбетова да бұл бастамаға шәкірттерімен бірге қатысып, бірнеше апта бойы дайындық жүргізгенін атап өтті.
«Еліміз өркендей берсін, Наурыз әр шаңыраққа бақыт пен береке әкелсін! Домбырашылар челленджі жалғаса берсін», — деді ол.
Бұл флешмоб жай ғана концерт емес, ұрпақтар сабақтастығының, өнерге деген сүйіспеншілік пен бірліктің символына айналды.
Бұл жетістік тіркеліп, домбырамен ең көп адамның бір мезетте күй орындауы ретінде Қазақстан рекордтар кітабына енгізілді.
Алматы тағы бір мәрте дәлелдеді: мұнда дәстүрлер тек сақталып қана қоймай, заманауи ауқымды жобаларға айналып отыр.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі