Алатау ауданы биыл жол салу, инженерлік желіні жаңғырту мен коммуналдық ақауды жою сияқты қордаланып қалған шаруаларды шешіп алмақшы. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Данияр Қырықбаев осылай деп мәлімдеді. Ол сондай-ақ шағынаудандағы асфальттың жоқтығына, үйлерді бұзу мен үлкен жол жобасының мерзіміне байланысты тұрғындар мен журналистердің қойған сұрағына жауап берді.

Ең көп талқыланған мәселе — Мәдениет пен Теректі шағынауданындағы жолдың жағдайы болды. Мәдениетте жобалық-сметалық құжаттама дайын, қазір онда инженерлік желі тартылып жатыр. Бұл жұмыс жыл соңына дейін бітіп, жолды содан кейін ғана сала бастамақашы. Теректіде былтырғы қыркүйектен бастап ұзындығы 96 шақырым болатын су мен кәріз желісін тарту бойынша ауқымды жоба іске асырыла бастады. Қазіргі таңда оның шамамен 40%-ы бітіп, 20-ға жуық көшеге асфальт төсегелі жатыр.

«Біз алдымен инженерлік желілерді тартып алып, содан кейін барып жол саламыз. Бұл жұмысты бітіргеннен кейн қайта қазып әуре қылатын басы артық шығындарды болдырмайды. Кейбір шағынауданда жұмыстар белсенді кезеңге өтті. Инженерлік инфрақұрылым аяқталған соң бірден жол салуға кірісіп кетеміз», — деп жауап берді Данияр Қырықбаев.

Тағы бір өзекті мәселе — Рахат-Мәдениет шағынауданындағы электр жарығының үзілуі. Мұнда 79,4 шақырым жаңа желі тартып, бір тарату мен 38 трансформаторлық қосалқы станция орнату жоспарланған. Алайда кейбір жер иелері кабель тартуға жер беруден бас тартқандықтан, жобаға түзету енгізуге тура келген. Сараптамадан өткеннен кейін жұмыс қайта жалғаспақ.

Сонымен қатар, Рахат-Мәдениетте инженерлік желіні дамытатын үлке жоба қолға алынды. Жалпы ұзындығы 131 шақырымнан асатын коммуникацияның қазір 95%-ы аяқталған, биылғы тамызда ол толық бітеді. Теректіде шамамен 1700 үйді қамтитын осындай жоба жылдың желтоқсанына дейін аяқталмақ.

«Тұрғындар есеп емес, нақты нәтиже күтетінін біліп отырмыз. Кейбір нысанда жер телімін сатып алу, жобаларды түзету сияқты объективті қиындықтар бар. Бірақ барлық жобаны бақылап отырмыз», — дейді әкім.

Журналистер Самғау шағынауданындағы Аршалы көшесінде үйлерді сүру мәселесін де көтерді. Бұл Тілендиев көшесін ұзарту жобасына байланысты. Бірінші кезеңде мемлекет мұқтаждығы үшін 111 жер телімі алынбақ. Әкімдікте өтемақы тәуелсіз бағалаушылар арқылы есептелетінін, сондықтан оның көлемі әртүрлі болуы мүмкін екенін айтты. Келіспеген жағдайда сотқа жүгінеді иесі. Бұл жобада пәтер берілмейді, ақшалай өтемақы ғана төленеді.

Сайын көшесінің Рысқұлов даңғылынан төмен бөлігі бойынша қозғалысты қыркүйек айының соңына дейін ашу жоспарланып отыр. Қазір нысан шамамен 70% дайын, асфальт төсеу мен жол негізін нығайту жұмысы біткен.

Айгерім шағынауданында биыл су мен кәріз жүйесін қоса алғанда, инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталады. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін көшелерге, соның ішінде Нәби көшесіне асфальт төсей бастайды.

Абаттандыру мәселесіне келсек, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында Шаңырақ-1 шағынауданында төрт қоғамдық кеңістік салынады. «Атлетикалық ауылда» аулаларды кешенді түрде абаттандыру жалғасып, көгалдандыру, жарықтандыру, балалар мен спорт алаңдарын орнату жұмысы жүргізіледі. Құрылыс жұмысы екінші тоқсанда басталады.

Көк-Қайнар шағынауданындағы су басу мәселесі де назардан тыс қалмады. Оның себебі — Боралдай өзенінің арнасының өткізу қабілетінің төмендігі. Мәселені шешу үшін өзен арнасын қайта жаңартып, маңайын абаттандыру жобасы қолға алынды. Бұл жұмыс биылғы тамызға дейін аяқталып қалады.

«Біз абаттандыруды да, инженерлік желілерді де, жол инфрақұрылымын да жүйелі түрде шешуге тырысамыз. Бір уақытта бірнеше үлкен жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Мақсатымыз — тұрғындардың өмір сапасын жақсарту», — деп түйіндеді Данияр Қырықбаев.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі