Алматыда қоршаған ортаға ұқыпты қарайтын мәдениет қалыптастырып, тұрғындарды экологиялық іс-шараға тартуды көздейтін «Таза сана» экологиялық бастамасы басталды. Жоба туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды. Бұл жолғы бастамаға алғаш рет қала тұрғындарын тазалықты сақтап, экологияны күтіп-баптап, аялауға шақыратын Тазабек маскоты да қатысты.

«Таза сана» жобасының жетекшісі Диана Алиеваның айтуынша, бұл бір реттік акция емес, қалдықтарды сұрыптаудан бастап қоғамдық кеңістіктерге ұқыпты қарауға дейін тұрақты дағды қалыптастыруға бағытталған. Оның аясында қалада аула тазалау сенбіліктері, жағалаулар мен қоғамдық аумақтарды тазалау, сондай-ақ тұрғындарға арналған экологиялық мини-дәрістер мен интерактивті іс-шаралар өтпек.

«Қалада қалдықты жинап, оны қайта өңдеуге жіберетін нүктелер ашылып, еріктілер мен жастар ұйымдары оған белсене атсалыспақшы. Жобаның әлеуметтік желілерінде атқарылған жұмыстың нәтижесін көрсету үшін «бұған дейінгісі мен кейінгісі» дейтін форматта материал жарияланады», - деп айтты ол.

Негізгі бағыттың бірі — балалар мен жасөспірімдермен жұмыс істеу. Оларға арнап қалалық эко-лагерь ұйымдастырылып, қатысушылар экология туралы білім алып қана қоймай, оны іс жүзінде қолдана алады. Бағдарламаға интерактивті сабақтар, акцияларға қатысу, қалдықтарды бөлек жинауды үйрену мен өз экологиялық бастамаларды әзірлеу де кірді.

Тазабек маскоты экологиялық мәдениеттің жаршысы болады: ол түрлі акцияға қатысып, тұрғындармен, әсіресе жастармен байланыс орнатып, қоқыс тастамау, қалдықтарды сұрыптау мен қалаға ұқыпты қарау сияқты қарапайым, бірақ маңызды ережелерді әркімнің есіне салып отырмақ.

Жоба Алматының Ішкі саясат басқармасының қолдауымен жүзеге асады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат — тазалыққа жауапты болуды үйрететін жаңа қалалық мәдениетті қалыптастыру екен.

Бастамаға ниет білдіргендердің барлығы қатыса алады. Іс-шаралар кестесі жобаның әлеуметтік желілерінде жарияланып, олар сол жерде Тазабектің белсенділігін бақылап, экология туралы пайдалы ақпарат ала алады.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі