Өңірлік коммуникациялар қызметінде Түрксіб ауданының әкімі Дамир Әкежанов жайлы қалалық орта қалыптастыруды көздейтін жұмыстар туралы баяндады. Ауданда ескі үйлер бұзылып, аулалар абаттанып, жаңа қоғамдық кеңістік құрылып, ауданды барынша көгалдандыру жұмысы қолға алынған.
«Жайлы қалалық орта қалыптастыру — біздің жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі. Түрксіб ауданы бүгінде апатты және ескі тұрғын үйлер саны бойынша қалада көш бастап тұр: мұнда осындай 582 үй бар, бұл қаладағы көрсеткіштің жартысына жуығы деген сөз. Біз бұл мәселені реновация бағдарламасы арқылы кезең-кезеңімен шешіп келеміз. Нақты нәтижелер бар, және бұл жұмыс жалғасады», — деді Дамир Әкежанов.
Қазір жеті учаскені оңалтып (реновация) жатыр: 34 ескі үй сүріліп, 17 жаңа үй салынды, 590-нан астам меншік иесі қоныстандырылды. Жоспарда тағы 175 көпқабатты тұрғын үй салу бар, бұл 5000-нан астам пәтер деген сөз. Жалпы алғанда, осы жобалар аясында 155-тен астам ескі үй жаңартылады.
Сонымен қатар аулаларды абаттандыру жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Биыл 25 аула жаңартылады, «Жұлдыз-1» шағын ауданында тағы 20 аула ғимараттың қасбетінен қасбетіне дейін толық күрделі жөндеуден өтеді. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасымен биыл 24 жоба жоспарланған.
«Біз тұрғын үй салып қана қоймай, аулалар мен көшелерді, қоғамдық кеңістіктерді де ретке келтіреміз. Үйдің жанында демалуға қолайлы орын болуы керек. Сондықтан «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын белсенді дамытып келе жатырмыз. Мұндай тәсіл қала тұрғындарының сұранысын уақытылы ескеріп отыруға мүмкіндік береді», — дейді спикер.
2022–2025 жылдар аралығында ауданда сегіз қоғамдық кеңістік — жаяу жүргіншілер және серуендеу аймақтары құрылған. Бұл жұмыс әлі жалғасып жатыр. Биыл жаңа жобалар іске асады: Майбороды көшесінде жаяу жүргіншілер аймағы салынып, Баум тоғайын абаттандырып, Үлкен Алматы каналы күрделі жөндеуден (демалыс аймақтары мен жағажайлармен) өтіп, сондай-ақ Аэропорт көлі аумағын тазалау мен абаттандыру (жағалау, көпірлер, веложолдар мен бақылау алаңдарымен) жағы қолға алынады.
Түрксіб ауданы Алматыдағы ең жасыл аудандардың бірі болып қала береді — мұнда 772,5 мыңнан астам ағаш, 63 жасыл аймақ (оның ішінде бес саябақ пен Баум тоғайы), сондай-ақ 15 алаңқай бар. Биыл 45,6 мың бұта мен 580 ірі ағаш егіп, 20 мың ағашты кесіп, 5 мыңға жуық ағашты баптап кесу жоспарланған. Сонымен қатар бес көшеде буферлік аймақтар абаттанып, өсімдіктер егіп, автоматты суару жүйесі орнатылады.
«Көгалдандыру — тек сыртқы көрініс емес, бұл экология мен жайлылықтың маңызды бөлігі. Біз жасыл желектер санын арттырып қана қоймай, олардың жағдайын да қадағалаймыз. Ағаштарды күтіп-баптаймыз, апатты ағаштарды жоямыз, жаңа жасыл аймақтар құрамыз. Мұның бәрі ауданның қауіпсіз әрі жайлы болуына ықпал етеді», — деп толықтырды Дамир Әкежанов.
Сонымен қатар 2026 жылы арық жүйесін жаңғырту жалғасады: жеті учаскеде 1,8 шақырым жаңа арық салынып, тағы 18 учаскеде 900 метр арық жөнделеді. Бұл нөсер жауында су басу қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
«2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша аудан тұрақты даму қарқынын сақтап отыр. Жыл соңына дейін негізгі жобаларды аяқтап, қалалық ортаны жаңғырту мен реновация бағдарламасын іске асыруды жалғастырамыз», — деп қорытындылады Түрксіб ауданының әкімі.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі