1 мамыр күні еліміз Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтеді. Бұл – бейбітшілік, келісім мен өзара түсіністіктің мерекесі. Алматыда осының қарсаңында қоғамдық бірлікті нығайтуға бағытталған мәдени-ағартушылық жұмыстар күшейтілмек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық немістердің «Возрождение» мәдени-этникалық қоғамының төрайымы Людмила Набокова мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде этномәдени бірлестіктердің қызметі ұлттық дәстүрлерді сақтаумен қатар, жалпы азаматтық бірегейлікті қалыптастыруды да қамтиды. Білім беру курстары, мәдени-ағартушылық жобалар, басқа этномәдени бірлестіктермен бірлескен іс-шаралар, сондай-ақ конференциялар мен оқыту бағдарламалары қатар қолға алынып жатыр.

«Жастар арасында да ұлттық дәстүрге деген қызығушылық артып отыр. Бұған білім беру бағдарламалары, ұрпақтар сабақтастығы, мәдени-көпшілік іс-шаралар, әлеуметтік желілер мен онлайн байқаулар сияқты қазіргі заманғы форматтар көп ықпал етіп жатыр», – деп атап өтті спикер.

Людмила Набокованың айтуынша, бұл ең күні ерекше күн екен.

«Әртүрлі болғанымызға қарамастан, бұл мереке бәрімізді бір үйдің баласы екенімізді сезінуге мүмкіндік береді», – деп ағынан жарылды ол.

Негізгі бастамалардың қатарында «Бір шаңырақ астында» жобасы, неміс мәдениеті күндері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық музейімен бірлесіп жыл сайын өткізілетін іс-шаралар бар.

Спикер атап өткендей, этномәдени бірлестіктер қаланың дамуына зор үлес қосып отыр. Олар мәдени мұраны сақтап, қоғамдық келісімді нығайтуға, әлеуметтік тұрақтылықты қолдауға ықпал етіп келе жатыр.

«Қазір қай ұлттың өкілі болмасын, бәрі өзін ең алдымен қазақстандық ретінде қабылдай бастады. Бұл біздің бірлігіміздың арқасы», – дейді ол.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі