7 мамыр күні суретші-мүсінші, дизайнер әрі фототілші Дәурен Мақсұтханұлының «Бейнелеу әлемі» атты жеке шығармашылық көрмесі ашылған. Өңірлік коммуникациялар қызметінде осы туралы айтылды.
Көрме Дизайнерлер одағы мен Алматы қаласының әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Жоба Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына, фотография өнерінің пайда болғанына 200 жыл толуына арналды.
Көркем галереядағы экспозицияға 80-нен астам авторлық туынды қойылған. Жұрт онда ағаш пен қоладан жасалған мүсіндерді, кескіндеме жұмысын, дизайнерлік жобаларды, АҚШ, Түркия, Өзбекстан мен Қазақстанда түсірілген сәулеттік фотосуреттерді, сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фарабидің өмірі мен ғылыми мұрасы туралы деректі фильмдер циклін тамашалай алады.
Автордың айтуынша, өнердің түрлі бағыттарын қамтыған көрме әлемді қазіргі көркем тіл арқылы қабылдаудан барып туыпты.
«Экспозиция тарихи сабақтастықты, әлемдік мәдениет пен өнердің өзара байланысын ашады, сондай-ақ ұлттық мұраны осы заманғы өнер тілімен зерделеуге мүмкіндік береді», – деп түсіндірді Дәурен Мақсұтханұлы.
Жоба аясында фотография, мүсін, дизайн мен деректі киноның синтезіне ерекше назар аударылғанын айтты спикер.
«Фотография мен визуалды өнер арқылы біз мына әлемнің сан қырын көрсетіп, мәдени жадты келер ұрпаққа жеткізуді мақсат етеміз», – дейді.
Дәурен Мақсұтханұлы «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Қазақстан Республикасының Дизайнерлер одағы, Еуразиялық дизайнерлер одағы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, сондай-ақ Фотоөнер қоғамдық бірлестігінің вице-президенті. Қазіргі таңда ол өнер, дизайн мен фотография саласында оқытушылық әрі ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып жүр.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі