Биыл қалада жылу желісінің тозуын 52,1%-ға дейін азайтып, жасанды интеллект элементтері бар жылумен жабдықтаудың «ақылды» жүйесін толық енгізіп, сондай-ақ газ желісін қайта жаңғырту мен жаңа абоненттерді газбен қамту жұмысын жалғастыру жоспарланып отыр.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай журналистерге осылай деді.

Спикердің айтуынша, жөндеу маусымындағы негізгі міндеттің бірі — жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту екен. Алматыдағы жылу желісінің жалпы ұзындығы шамамен 1410 шақырым болады. Былтыр 39 шақырым желі қайта жаңғыртылса, биыл бұл жұмыс бірнеше бағыт бойынша жалғаспақ.

«Биыл “АлТС” ЖШС жалпы ұзындығы 7,4 шақырым болатын 20 нысанды қайта жаңғыртуды, сондай-ақ қосымша 10,5 шақырым желіге жөндеу жүргізуді ойластырып отыр. Бұдан бөлек, Энергетика басқармасы желісі бойынша тағы 2 шақырым жылу трассасын жаңғырту көзделген. Жалпы алғанда, биыл қала бойынша шамамен 20 шақырым жылу желісі қайта жаңартылады. Желілердің тозуын кезең-кезеңімен азайтып, жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыру міндетіміз», — деді Нұрбақыт Серікбай.

Алматыда коммуналдық инфрақұрылымды цифрландыру да қолға алынды. Жылумен жабдықтаудың сапасы мен сенімділігін арттыра түсу үшін қалада SCADA мен ЛЭРС жүйесі енгізіле бастады. SCADA жүйесі АЛЭС нысаны мен сорғы станциясын қашықтан бақылап, ақауды жедел анықтап, жұмысқа кететін уақытты едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. ЛЭРС жүйесі болса, ол есептеу құралдарынан мәліметті автоматты түрде жинап отырады.

Қазір ЛЭРС жүйесіне 13 768 есептеу құралы қосылған. Оның ішінде тұрғын үй секторының 98,7%-ы мен бюджеттік ұйымдардың 95%-ы қамтылған.

«Коммуналдық саланы цифрландыру инфрақұрылымды басқарудың мүлде жаңа деңгейіне көшуге мүмкіндік береді. SCADA мен ЛЭРС жүйесінің арқасында біз жабдықтың жұмысын нақты уақыт режимінде бақылап, апатты жағдайда жедел әрекет етіп, ресурстардың шығынын азайта аламыз. Бұл халыққа көрсетілетін қызмет сапасына да, жылумен жабдықтау жүйесінің тиімділігіне де тікелей әсер етеді», — деп атап өтті басқарма басшысы.

Алматыда жылумен жабдықтаудың «ақылды» жүйесін енгізу жобасын биылғы желтоқсанға дейін аяқтамақ ойда. Жаңа жүйе онлайн деректі талдау мен жасанды интеллект технологиялары негізінде жұмыс істейді.

Нұрбақыт Серікбайдың айтуынша, бұл технология ақауды бірден анықтап, зақымдалған учаскелерді қашықтан ажыратуға мүмкіндік береді. Соның арқасында су мен жылу шығыны барынша азайып, ысырапты тыймақшы.

Газ инфрақұрылымы да жаңғыртылып жатыр. Алматы өндірістік филиалы 4 855,7 шақырым газ құбырына қызмет көрсетеді. Желінің тозу деңгейі — 35,9%. Биыл 13,5 шақырым газ құбырын, 10 шкафтық газ реттеу пункті мен 16 электрохимиялық қорғаныс құрылғысын қайта жаңғырту жоспарланған.

Газбен жабдықтау қауіпсіздігін тәулік бойы жұмыс істейтін «104» авариялық-диспетчерлік қызметі қамтамасыз етеді. Қызмет өтініштітерді қабылдап, апатты жағдайларды жедел оқшаулауға қажетті жабдықтармен қамтылған көшпелі бригадалардың жұмысын үйлестіреді.

«Біз қаланың газбен жабдықтау жүйесін белсенді түрде дамытуды жалғастырып келеміз. Тек 2025 жылдың өзінде 13,5 мыңнан астам техникалық шарт беріліп, шамамен 11,8 мың жаңа абонент қосылды. 2026 жылдың басынан бері 3738 техникалық шарт беріліп, 2613 абонент қосылды. Жеке секторды газдандыру — тұрғындардың жайлылығын арттырып қана қоймай, Алматының экологиялық жағдайын жақсартуға да маңызды үлес қосады», — деді Нұрбақыт Серікбай.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі