Алматыда биыл 270 шақырымдай электр желісі жаңғыртылып, қосалқы станциялар жөнделіп, электр желісі жаңартылады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай осындай үлкен жөндеу науқаны басталғанын мәлімдеді.

Оның айтуынша, негізгі міндет — желілердің тозу деңгейін төмендетіп, электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, жарықтың өшіп қала беретінін барынша азайту болып отыр.

Жөндеу маусымы аясында қалада қуаты 10/6/0,4 кВ болатын 269,79 шақырым электр желісін жаңғырту мен реконструкциялау жоспарланған. Оның ішінде 210 шақырымы — 10/6 кВ кабельдік желілерді қайта жаңарту жұмысы. Бұл шаруа Алмалы, Бостандық пен Наурызбай ауданында жүргізіледі. Сонымен қатар Алмалы, Наурызбай мен Алатау ауданында 0,4 кВ әуе желісінің шамамен 60 шақырымы да жаңартылады осы жолы.

«Биыл біз Алматының электр желілерін кеңінен жаңғырту жұмысын жалғастырамыз. Әсіресе инфрақұрылымның қатты тозған аудандарға көп көңіл бөлелі отырмыз. Кабельдік және әуе желісін қайта жаңартып, қосалқы станциялар мен тарату пункттерін модернизациялауды межелеп қойдық. Бұлар энергетикалық жүйенің тұрақтылығын арттырып, жарықтың өшіп қала беруін азайтуға сеп болады», — деп түсіндірді Нұрбақыт Серікбай.

Сондай-ақ биыл үш тарату пункті мен 22 трансформаторлық қосалқы станцияны да реконструкцияламақшы. Бұдан бөлек, «Есентай», «Шоссейная» мен «Жас-Қанат» қосалқы станциялары жаңғыртылады. Жетісу мен Түрксіб ауданында жалпы ұзындығы 30 шақырымнан асатын 110 кВ электр беру желісі жаңартылып, қолданыстағы сымды композиттік сымға ауыстырмақ.

2025 жылдың басында Алматыдағы электр желілерінің тозу деңгейі 64,5% болған. Алайда істелген жұмыстың арқасында бұл көрсеткіш 63,3%-ға дейін төмендепті. 2025 жылы 238 шақырым желі реконструкцияланған, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір көп. Мәселен, 2024 жылы 140 шақырым, 2023 жылы 162 шақырым желі жаңартылған.

«Жаңғырту жұмысының нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. 2025 жылдың қорытындысы бойынша технологиялық бұзылыс пен апатқа орай өшірудің саны 12%-ға — 359 жағдайдан 320 жағдайға дейін азайды. Бұл тұрғындар мен бизнес үшін электрмен жабдықтаудың сапасы мен тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Апаттылықты төмендету жұмыстары әрі қарай жалғасады», — деп атап өтті спикер.

Қазір электр желісі ең көп тозған Түрксіб, Медеу мен Наурызбай ауданы екен. Сондықтан инфрақұрылымды жаңарту мен реконструкциялау жобалары бұл аудандарда басымдықпен жүзеге асырылып жатыр.

Басқармада Алматының электр желілік кешені елдегі ең ірі жүйенің бірі екені де айтылды. Желінің жалпы орнатылған қуаты 10 643 МВт-ты құраса, электр тоқ беретін желінің ұзындығы 30,8 мың шақырымнан асады. Қалада қуаты 35 кВ және одан жоғары 206 қосалқы станция, 7,3 мыңнан астам трансформаторлық қосалқы станция мен тарату пункті жұмыс істейді. Қаланы тоқпен жабдықтау саласында шамамен 4,5 мың маман еңбек етеді.

«Бүгінде Алматының электрмен жабдықтау жүйесіне халық санының өсуі, құрылыс қарқыны мен қалалық инфрақұрылымның дамуы салдарынан үлкен жүктеме түсіп отыр. 2025 жылы желілердегі ең жоғары жүктеме 1 962 МВт болды. Сондықтан желілерді жаңғырту — бір реттік шара емес, қаланың тұрақты дамуына қажетті жүйелі жұмыс. Біз желілердің өткізу қабілетін арттырып, технологиялық шығындарды азайтып, жабдықтарды пайдалану тиімділігін көтеруді жалғастырамыз», — деді Нұрбақыт Серікбай.

Басқарма өкілдерінің айтуынша, энергетикалық инфрақұрылымды одан әрі жаңғырту Алматыны сенімді электрмен қамтамасыз етудің негізгі міндеттерінің бірі болып қала бермек.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі