Жазғы демалыстың басталуына байланысты Алматыда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жұмыс күшейді. Балалар отпен ойнағанда шығатын өрт пен таулы аймақтағы төтенше жағдайға, балалардың терезеден құлап, суға батып кетпеуіне көп көңіл бөлініп отыр.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Жою басқармасының бастығы Денис Ярцев мәлімдеді.
Спикердің айтуынша, балалардың басынан өтетін оқыс оқиғаның көбі бақылаусыз кетіп, қарапайым қауіпсіздік ережесін сақтамағаннан болады екен. Биыл терезеден құлаған осындай 4 бала тіркелген. Зардап шеккендер 6-8 жас аралығындағы балалар болып шықты. Қаза тапқандар жоқ.
Мұндай оқиғаның көбі көп қабатты тұрғын үйде болады. Осыған байланысты ата-аналарға терезеге арнаулы бекіткіш пен шектеу құрылғысын орнатып, балаларды ашық терезенің жанында қараусыз қалдырмауды ескертіп отыр.
«Бала терезенің алдына шығып кетпес үшін жиһазды терезеден алыстау қойып, терезеге арнаулы бекіткіш пен шектеу құрылғысын орнатуы керек. Москит торынан ешқандай пайда жоқ. Балалар оған сүйенгенде, тор баланың салмағын көтере алмауы мүмкін», – деп ескертіп өтті Денис Ярцев.
Жаз мезгілінде балалар отпен ойнап, өрт те шығады содан. Сондықтан балаларға өрт қауіпсіздігі ережесін айтып, өрт шыққанда не істеу керектігін әркім өз баласына жан-жақты түсіндіруі керек.
Тіпті шағын өрт ошағын байқаса да, дереу ғимараттан шығып, ересектерге хабарлап, «101» немесе «112» нөмірлері арқылы төтенше қызметтерді шақыру керектігін әр бала біліп жүруі тиіс.
ТЖД мәліметінше, 2025 жылы құтқарушылар Алматы мен облыстың тауында 88 жасөспірімге көмек көрсеткен. Биыл 17 бала құтқарылыпты.
Жазатайым оқиғаға көбінесе ересектерді ертпей, балалардың өз бетінше жолға шығуы себеп болып жатады екен. Сапарға шығарда күн райын біліп алмай, жолдың қиындығын ескермей, қажетті заттарды түгел алып шықпауы да негізгі себептің бірі деп атап отыр мамандар.
Жаз мезгілінде су айдынындағы қауіпті оқиғалар да артады. Құтқарушылар балаларға ересектердің қарауынсыз судың маңына жолауға болмайтынын, тек арнайы жабдықталған орында ғана шомылу керектігін еске салды.
ТЖД өкілдері суға батып бара жатқан адамды көрген жағдайда әрекет ету тәртібін де түсіндірді. Ең алдымен құтқарушылар мен жедел жәрдем қызметін шақыру қажет, содан кейін ғана жеке қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, зардап шегушіге көмек көрсетуге тырысу керек.
«Балалардың қауіпсіздігі – ең алдымен ересектердің жауапкершілігі. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында ғана қайғылы жағдайдың алдын алып, жазғы демалысты қауіпсіз етуге болады», – дейді департамент өкілі.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі