Биыл Алматыда шамамен 294 мың оқушының жазғы демалысы мен бос уақытын тиімді өткізуі үшін барын салмақшы. Бұл 1-10 сынып оқушыларының жалпы санының рекордтық 98,7%-ын құрайды. Балаларға арнап мектеп жаны мен қала сыртында лагерьлер, IT-ауысымдар, үйірмелер, спорттық және экологиялық алаңдар ашылады.

Ал жазғы маусымның ашылуы 1 маусым күні қала орталығында өтетін ауқымды «Бала Fest-2026» фестивалімен басталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы қаласы Білім басқармасының орта білім беру бөлімінің бас маманы Темірлан Шотанов мәлімдеді.

Жазғы сауықтыру маусымының ашылуы мен Балаларды қорғаудың халықаралық күнін мерекелеу аясында Алматыда ауқымды «Бала Fest-2026» балалар фестивалі өтеді. Іс-шара 1 маусым күні ҚБТУ ғимаратының алдындағы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова атындағы саябақта ұйымдастырылады. Білім басқармасының мәліметінше, фестивальге шамамен 10 мың бала қатыспақшы.

«“Бала Fest” шығармашылық алаңдар мен ойын-сауық бағдарласын қамтитын үлкен қалалық мерекеге айналады. Балалар қамқорлықты, көңіл бөлініп жатқанын сезінуі керек. Мұндай іс-шара жазғы демалысты баланың есіне қалатындай етіп өткізуге сеп болады», – деді Темірлан Шотанов.

Биылғы демалыс пен бос уақытты тиімді өткізу іс-шараларына 294 мың баланы қамту жоспарланып отыр. Бұл 1-10 сынып оқушыларының жалпы санының 98,7%-ын құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, былтыр бұл көрсеткіш 94,4% болған. Осылайша қамту деңгейі 4,3%-ға артады.

Әлеуметтік осал санаттағы балалардың, жетім балалар мен ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 527 миллионнан теңге бөлінді. Жолдаманың орташа құны 3 мың теңгеге өсіп, бір балаға шаққанда 20 мың теңгені құрады. Ерекше білімге мұқтаж балаларға жолдама бұрынғыдай 30 мың теңге болып қалды.

Осы қаражат есебінен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 2 537 бала қала сыртындағы лагерьлерде демала алады. Қазіргі уақытта Білім басқармасы әлеуметтік осал санаттағы және жетім балаларға арналған 2 370 орын бойынша тоғыз ашық конкурс рәсімін аяқтап қалды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар тағы 200 бала жазғы демалысын «Өрнек» лагерінде өткізеді.

«Жазғы маусымға дайындық барысында қолдауды ерекше қажет ететін балаларға басымдық беріп отырмыз. Біз әлеуметтік осал санаттағы балалардың, жетім балалар мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың тізімдерін алдын ала жасақтадық. Біздің міндетіміз – мүмкіндігінше көп баланың жазда сапалы демалуына жағдай жасау», – деді спикер.

Оқушылардың басым бөлігі жазғы демалысын мектеп жанындағы лагерьлерде өткізеді. Мектептер базасында 190 мың балаға арналған демалыс ұйымдастырылады. Оның ішінде 40 мың бала тамақпен қамтамасыз етіледі, тағы 150 мың оқушы тамақтандырусыз лагерьлерге қатыса алады. Өткен жылмен салыстырғанда орын саны 8 мыңға көбейген. Мектеп жанындағы лагерьлерде ата-аналар мен жоғары сынып оқушылары-еріктілердің қатысуымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шаралар да өтеді.

Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалар мен пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары қатарынан 200 бала Щучинск, Түркістан мен Қонаев қаласындағы «Балдәурен» лагерьіне жіберіледі. «Жанұя» мамандандырылған кешенінің мың тәрбиеленушісі мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар 200 бала Оқушылар сарайының лагері базасында демалады.

Жаз мезгілінде 80 мыңнан астам баланы үйірме мен секцияға тарту жоспарланған. Қосымша білім беру ұйымдарының алтауында IT-лагерьлер мен робототехника секциясы ашылып, оған 20 мыңнан астам оқушы қатыса алады. Сонымен қатар спорттық және экологиялық бағыттағы бейіндік лагерьлер жұмыс істейді.

«Балалар демалы қана қоймай, каникулды пайдалы өткізуі керек. Сондықтан біз IT-лагерьлердің, робототехника үйірмелерінің, экологиялық және спорттық алаңдардың желісін кеңейтіп жатырмыз. Балалар жаңа бағыттарды байқап көріп, өздеріне қызықты іспен айналысып, жазды белсенді өткізе алады. Демалысты ұйымдастыруға қатысты барлық жұмыс Білім басқармасының ерекше бақылауында», – деп атап өтті Темірлан Шотанов.

Білім басқармасы өкілінің айтуынша, негізгі міндет – балаларды жазғы демалыспен барынша қамту, олардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру мен каникул кезеңінде оқушылардың толық қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі