Мемлекеттік рәміздер елдің ресми белгісі ғана емес, сонымен қатар азаматтарды ортақ құндылық пен тарихи мұраның төңірегіне топтастыратын ұлттық бірегейліктің маңызды элементі де. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің маңызы, мәртебесі мен құқықтық қорғалуы туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің өкілдері баяндады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Алуа Ибраеваның айтуынша, қолданыстағы заңнама мемлекеттік рәміздерді қорғауға ғана емес, оларға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыруға да бағытталған.
Спикер мемлекеттік рәміздердің Қазақстан халқының ортақ игілігі екенін айтады. Кез келген азамат туды елге құрмет көрсетіп, патриоттық сезімін білдіруге пайдалана алады. Мемлекеттік туды тұрғын үйге, балконға, ғимараттың қасбетіне іліп, спорттық, мәдени және қоғамдық іс-шара кезінде заңнамада белгіленген талапты сақтай отырып қолдануға рұқсат етілген.
«Мемлекеттік рәміздер мемлекеттік органдарға ғана емес, бүкіл Қазақстан халқына тиесілі. Азаматтар заң талаптарын сақтай отырып, Мемлекеттік туды, елтаңба мен әнұранды патриотизм мен ұлттық мақтаныштың көрінісі ретінде пайдалануға құқылы», – деп толықтырды сөз сөзін Алуа Ибраева.
Сонымен қатар сарапшылар мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен құрметтеу қатар жүруі тиіс екенін атап өтті. Заңнамаға сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлау, оларды мазақ ету, әдейі бұрмалау немесе мемлекеттің қадір-қасиетін төмендететін мақсатта қолдануға тыйым салынады.
Брифинг барысында мемлекеттік рәміздерді цифрлық кеңістікте пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жұмыс пен халықаралық байланыстар жөніндегі декан орынбасары, қауымдастырылған профессор Әсел Шарипованың айтуынша, әлеуметтік желілердің қарқынды дамуы жағдайында пайдаланушылардың құқықтық сауаттылығының маңызы артып отыр.
Оның сөзінше, ең жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында мемлекеттік рәміздерді құрметсіз мәнмәтінде фотомонтаж жасау арқылы жариялау, сондай-ақ оларға қорлайтын сипаттағы материалдарды тарату бар.
«Цифрлық дәуірде интернет кеңістігінде мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жауапкершілікпен қараудың маңызы ерекше. Оларды құрметсіз пайдалану фактілерінің өзі мемлекеттік құндылықтар мен институттарға деген теріс көзқарастың қалыптасуына әсер етуі мүмкін», – дейді Әсел Шарипова.
Сонымен бірге спикер мұндай жағдайларды қарастыру кезінде нақты мән-жайлар, суретті пайдалану мақсаты мен мемлекеттік рәміздерді қорлау ниетінің болған-болмағаны да ескерілетінін айтты.
Брифингке қатысушылар жастарды құқықтық және патриоттық тәрбиелеудің маңыздылығын да атап өтті. Сарапшылардың пікірінше, мемлекеттік рәміздердің тарихын білу мен олардың мәнін түсіну азаматтық жауапкершілікті нығайтып, мемлекетке деген құрметті арттырады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Әлихан Қанат мемлекеттік рәміздің егемендігіміздің маңызды белгісінің бірі болып қала беретінін айтты.
«Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің ресми атрибуттары ғана емес. Олар еліміздің тарихын, мәдениеті мен құндылықтарын бейнелейді, қоғамдық бірлікті нығайтып, азаматтық бірегейлікті қалыптастыруға ықпал етеді», – деді Алихан Қанат.
Брифинг соңында сарапшылар азаматтарды мемлекеттік рәміздерді пайдалануда жауапкершілік танытуға шақырып, оларға құрметпен қарау әрбір қазақстандықтың құқықтық мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігінің маңызды бөлігі екенін атап өтті.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі