Интернет арқылы сатып алу, сапасыз пәтер жөндеу жұмыстары, жасырын төлемдер және ақауы бар тауар үшін сатушылардың ақшаны қайтарудан бас тартуы - Қазақстандағы тұтынушылар құқықтарының жиі бұзылатын түрлерінің қатарында қалып отыр.

Алматы тұрғындары көбіне қандай мәселелерге тап болатыны және өз құқықтарын қалай дұрыс қорғай алатыны туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» ӨҚБ президентінің орынбасары Василий Романовский айтып берді.

Спикердің айтуынша, тұтынушылар құқығын қорғау бүгінгі таңда құқықтық реттеудің ең өзекті салаларының бірі болып отыр. Азаматтар сауда саласында да, түрлі қызметтерді алу барысында да күнделікті құқықтарының бұзылу жағдайларына тап болады.

«Негізгі мәселелердің бірі - қызмет көрсетушілердің шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамауы. Бұл әсіресе жөндеу, құрылыс және тұрмыстық қызмет көрсету салаларында жиі кездеседі. Жұмыстар сапасыз орындалады, толық аяқталмайды немесе мүлде орындалмай қалады. Сонымен қатар көптеген орындаушылар құжаттарды дұрыс рәсімдемей жұмыс істейді, бұл кейіннен келтірілген залалды өндіріп алуды қиындатады», - деп атап өтті Василий Романовский.

Тағы бір маңызды мәселе – талапқа сай келмейтін тауарларды сату. Заңнамада көзделген кепілдіктерге қарамастан, көптеген сатушылар шағымдарды қарау мерзімін созып немесе сатып алушылардың өтініштерін мүлде елемей жатады. Сондай-ақ тұтынушылардың келісімінсіз қосымша қызметтерді, комиссияларды, сақтандыруды және басқа да ақылы қызметтерді мәжбүрлеп ұсыну жағдайлары әлі де кездеседі.

Тұтынушылардың ұлттық лигасының мәліметінше, қазіргі уақытта ең көп шағым электрондық коммерция саласына қатысты түседі.

«Көптеген сатушылар жеке кәсіпкерлікті немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті бір мекенжай бойынша тіркеп, іс жүзінде басқа жерде жұмыс істейді. Даулы жағдай туындағанда тұтынушыға кәсіпкерді тауып, оған талап қою қиынға соғады. Бұған қоса, жалған тауарлардың сатылуы, өнім сипаттамаларының жарияланған талаптарға сәйкес келмеуі және кепілдік міндеттемелерін орындаудан бас тарту жөнінде де жиі шағымдар түседі», – деді спикер.

Өтініштердің едәуір бөлігі жөндеу-құрылыс қызметтеріне қатысты. Көп жағдайда азаматтар жеке бригадалармен құжаттарды ресми рәсімдеместен келісіп, кейіннен жұмыстың сапасыз орындалуына және ақшаны қайтарып ала алмауына тап болады.

Сарапшы сапасыз тауар сатып алынған жағдайда ең алдымен сатушыға жазбаша сотқа дейінгі талап-арыз жолдау қажет екенін еске салды. Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңына сәйкес, сатушы өтінішті күнтізбелік он күн ішінде қарауға міндетті.

«Талап-арызды дұрыс жолдау өте маңызды. Егер шартта ресми электрондық пошта мекенжайы көрсетілсе, дәл сол мекенжайды пайдалану қажет. Егер сатушының заңды мекенжайы белгілі болса, талап-арызды тапсырылғаны туралы хабарламамен тапсырысты хат арқылы жіберген дұрыс. Мессенджерлер арқылы хат алмасу әрдайым өтініштің алынғанын дәлелдейтін сенімді айғақ бола бермейді», - деп түсіндірді Василий Романовский.

Егер сатушы жауап бермесе немесе заңды талаптарды орындаудан бас тартса, тұтынушы Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады. Кейбір жағдайларда дау сот арқылы немесе медиация рәсімі арқылы шешілуі мүмкін.

Спикер жолаушылар мен туристердің құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше тоқталды. Егер әуе рейсі тасымалдаушының кінәсінен кешіктірілсе немесе тоқтатылса, жолаушылар күту уақытына қарай тамақтануға, сусындарға, қонақүйге және трансферге құқылы. Ұшу уақыты айтарлықтай өзгерген жағдайда да өтемақы мен келтірілген шығындардың орнын толтыруды талап етуге болады.

Егер тур туроператордың немесе турагенттің бастамасымен тоқтатылса, тұтынушы төленген қаражаттың толық қайтарылуына құқылы. Туристік қызметтер сапасыз көрсетілген жағдайда азамат тур құнын қайта есептеуді немесе өтемақы төлеуді талап ете алады.

«Тұтынушылардың ең жиі жіберетін қателіктері - жазбаша шарттың болмауы, түбіртектер мен төлем құжаттарын сақтамауы, сондай-ақ құқықтарын қорғау үшін тым кеш жүгінуі. Көптеген адамдар мәселені бірнеше ай бойы өз бетінше шешуге тырысады, кейін дәлелдердің бір бөлігі жоғалып кеткенін байқайды. Сондықтан барлық құжаттарды сақтап, заңды мүдделеріңізді қорғау үшін уақытылы әрекет ету маңызды», - деп атап өтті Василий Романовский.

Оның айтуынша, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру - тұтынушылар құқықтарын тиімді қорғаудың негізгі шарттарының бірі. Азаматтарға шарттардың талаптарын мұқият зерделеу, тауарлар мен қызметтер үшін төлем жасалғанын растайтын құжаттарды сақтау және даулы жағдайлар туындаған кезде көмек сұрауды кейінге қалдырмау ұсынылады.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі