Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Алматы қалалық департаментінің басшысы Мұрат Мұратбеков қалада қолжетімді ортаны дамыту және жаңа талаптарды енгізу туралы айтты.
Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Құрылыс кодексі күшіне енеді. Бұл құжат нысандардың қолжетімділік талаптарына сәйкестігі туралы декларацияны бекіту тәртібін өзгертеді.
Енді декларацияны бекіту процесіне Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің аумақтық департаменттері де қатысады. Осылайша, нысандардың қолжетімділік талаптарына сәйкестігін бақылау жергілікті атқарушы органдардан салалық мемлекеттік құрылымдарға өтеді.
Спикердің айтуынша, жаңа тетік нысандарды мүгедектігі бар адамдарға бейімдеу сапасына бақылауды күшейтеді.
«Енді тек пандустың бар-жоғы ғана емес, оның сапасы, кіреберіс аймақтардың, санитарлық тораптардың, лифтілердің, тактильді белгілердің және басқа да элементтердің қолжетімділігі ерекше назарда болады», - деді Мұрат Мұратбеков.
Жаңа талаптар құрылыс салушылар мен меншік иелерінің жауапкершілігін арттырады. Қолжетімділік талаптарына сәйкес келетінін растайтын декларация – нысанның заңнама мен құрылыс нормаларына сай екенін дәлелдейтін ресми құжат.
Департамент өкілдерінің айтуынша, жаңа талаптардың мақсаты - тек қағаз жүзінде ғана орындауды тоқтату. Енді әрбір нысан мүгедектігі бар адамдарға қызметтерді ешкімнің көмегінсіз, еркін әрі қауіпсіз пайдалана алатындай жағдай жасауы керек.
Сонымен қатар, бұзушылықтардың алдын алу құрылыс кезеңінде-ақ қарастырылады. Қолжетімділік талаптарына сай келмейтін нысандар пайдалануға берілмейді. Декларацияға қол қойылғаннан кейін де олар мемлекеттік бақылауда қалады, ал бұзушылық анықталған жағдайда иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Брифингте қолжетімді орта тек ғимараттармен шектелмейтіні де айтылды. Ол көлік, цифрлық қызметтер, ақпарат пен коммуникация, сондай-ақ әмбебап дизайн қағидаларын қамтиды.
Алматыда бұл бағыттағы жұмыстар «Инклюзивті Алматы - 2030» бағдарламасы аясында жүргізілуде. Бағдарлама мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған білім беру, денсаулық сақтау, жұмысқа орналасу, спорт, цифрлық қызметтерге қолжетімділік және қалалық инфрақұрылымды дамыту сияқты негізгі салаларды қамтиды.
Негізгі бағыттардың ішінде мемлекеттік қызметкерлер мен БАҚ өкілдерінің инклюзия бойынша білімін арттыру, әлеуметтік нысандарға арналған үлгілік техникалық шешімдер әзірлеу, инклюзивті жұмыс орындарын ашу, жұмысқа орналасу кезінде арнайы қолдау көрсету және білім беру ұйымдарының баршаға қолжетімді болуын қамтамасыз ету бар.
Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен қоғамдық ұйымдардың мониторинг пен бағалауға қатысуына ерекше көңіл бөлінеді.
Департамент деректеріне сәйкес, бүгінде Алматыда қалалық инфрақұрылымның 9 мыңнан астам нысаны интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген, олардың 6 мыңнан астамы қолжетімді деп танылған. Биылдың өзінде 1 147 нысан бейімделген.
Қорытындылай келе, Мұрат Мұратбеков қолжетімді орта құру – мемлекет, бизнес және қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
«Біздің мақсат - қаладағы барлық нысандарды баршаға қолжетімді ету. Ол үшін мемлекет, бизнес, қоғамдық ұйымдар және азаматтар бірігіп жұмыс істеуі керек. Сонда ғана Алматыны бәріне бірдей мүмкіндік беретін қалаға айналдыра аламыз», – деді ол.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі