Алматы Тұрақты даму мақсатын (ТДМ) іске асыруға қоғам болып атсалысу тетігін дамытып жатыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Нұржан Жақыпов осылай деді.

Оның айтуынша, Алматының Тұрақты даму мақсатының іске асырылуын бақылайтын оталықтың құрылуы осы бағыттағы маңызды қадамның бірі болған. Орталық азаматтық қоғам өкілдерін, сарапшылар мен талдаушыларды біріктіріп, жүзеге асып жатқан жобаларға тәуелсіз бағалау жүргізіп, қалалық саясатты жетілдіретін ұсыныс әзірлеуге сеп болмақ.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта ТДМ-ның бірнеше бағыттағы жобалары мен бағдарламасын бақылап жатыр екен. Олардың қатарында теңсіздікті қысқарту, тұрақты қалалық ортаны дамыту, тиімді институттарды нығайту мен тұрақты даму мақсаты жолындағы әріптестікті дамыту бар.

«Қоғамдық мониторингтің басты міндеті – іске асып жатқан бастамаларға объективті баға беріп, қабылданып жатқан шешімнің тиімділігін арттыруға бағытталған практикалық ұсыныс әзірлеу», – деп түсіндірді спикер.

Мониторингтің қорытындылары, сараптамалық талқылаулар мен диалог алаңдарының нәтижесі бойынша мемлекеттік саясаттың тиімділігін жетілдіруге арналған талдамалық есеп пен ұсыныс әзірленбекші енді.

«Біздің ойымызша, қоғамдық мониторинг қоғам мен мемлекет арасындағы тиімді кері байланыс құралына, сондай-ақ неғұрлым салмақты әрі тиімді шешім қабылдайтын тетікке айналуы тиіс», – деп ой қосты спикер.

Сонымен қатар, Алматыда мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, жастар бірлестіктері мен сарапшылар қауымдастығы қатысқан дөңгелек үстел мен сараптамалық кездесу сериясын өткізу жоспарланып отыр. Талқылаудан кейін қалада Тұрақты даму мақсатын одан әрі іске асыруға бағытталған практикалық ұсыныстар тізбесі қалыптасады.

Қоғам қайраткері Қоғамдық мониторинг орталығы қала үшін өзіндік «кері байланыс жүйесіне» айналады деп үміттенеді. Бұл жүйе қол жеткізген нәтижені бағалап қана қоймай, ықтимал сын-қатерді алдын ала анықтауға, тұрғындардың жаңа қажеттілігін айқындап, Алматыны одан әрі дами түсуге ынталандыратын ұсыныс әзірлеуге де мүмкіндік береді.

«Біздің мақсатымыз – Тұрақты даму мақсатын стратегиялық құжаттың бір бөлігі қылып қоя салмай, оны әр алматылықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру», – деп атап өткен Нұржан Жақыпов үкіметтік емес ұйымдарды, сарапшылар қауымдастығын, бизнесті, жастар ұйымдары мен қала тұрғындарын осы жұмысқа белсенді түрде қатысуға шақырды.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі