Алматыда суға түсетін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысы жалғасып жатыр. Оқыс оқиғаның алдын алу үшін қала аумағында 100-ге жуық тыйым салатын белгі орнатылып, каналдардың бетон плиталарына 20 ескерту жазылды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Алматыдағы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайларды жою басқармасы бастығының міндетін атқарушы Дәулет Бекмұхамбетов осылай деп хабарлады.

Оның айтуынша, төтенше жағдайдың алдын алып, тұрғындарды құлақтандыруға көп көңіл бөлініпті.

«Жаз мезгілінде әр адам қырағы болып, суда қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауы керек. Әсіресе, су айдынында демалып жатқанда балаларды қараусыз қалдырмаған дұрыс», – дейді спикер.

Төтенше жағдайға жедел әрекет ету үшін Аэропортовское көлінде бір стационарлық құтқару бекеті мен Сайран көлінде екі құтқару бекеті жұмыс істейді.

Сонымен қатар, 28 сәуірден бастап ТЖД қызметкерлері полиция, Құтқару қызметі мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілерімен бірлесіп қаланың су айдындарында профилактикалық рейдтер де жүргізе бастады. Рейд барысында демалушыларға судағы қауіпсіздік ережесін түсіндіріп, оларды бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатыны ескертіледі.

Алматыда ақпараттық-түсіндіру жұмысы да қатар қолға алынды. Қаланың LED-экрандарында, смартбордтар мен басқа да ақпараттық алаңда судағы қауіпсіздікке арналған бейнероликтер көрсетіліп жатыр. Ата-аналарға су жағасында қалай демалу керектігін балалардың құлағына құйып отыру керектігі де айтылды.

Даулет Бекмұхамбетовтің айтуынша, жыл басынан бері Алматының су айдынында балалар жазым болған жағдай тіркелмеген.

Құтқарушылар тұрғындарға су айдынындағы қауіпсіздік талабын еске салды:

  • «Шомылуға тыйым салынады» деген белгі орнатылған жерде суға түспеу; шомылу аймағының шекарасын белгілейтін қалқымадан (буйлардан) асып жүзбеу;
  • қайықтардан, катерлерден, айлақтардан, жартастар мен арнайы жабдықталмаған орындардан суға секірмеу;
  • жалған дабыл белгілерін бермеу;
  • қауіпсіздік белгілерін бүлдірмеу және алып тастамау;
  • есірткі тұтынып немесе масаң күйде суға түспеу;
  • буйлар мен қауіпсіздік белгілеріне шықпау;
  • балалардың суға ересектердің қарауынсыз түсуіне жол бермеу.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі