Алматы білім беру инфрақұрылымын дамытып жатыр. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында оқу жылы ішінде 13 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сәкен Аралбаев осылай деді.
Жаңа білім беру нысандарының ашылуы оқушы орнының тапшылығын едәуір азайтып, қаланың білім беру саласын кеңейтуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы жалпы сыйымдылығы 10 500 орындық тағы жеті мектептің құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта оларды білім беру жүйесіне табыс етіп жатыр.
Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен Зерделі шағын ауданында 550 орындық мектеп салынды.
Осылайша, биылғы 1 қыркүйекке дейін Алматыда жалпы сыйымдылығы 11 050 оқушы орнына арналған сегіз жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қолданыстағы білім беру нысандарын жаңғырту жұмысы да қарқын алды. 2025–2027 жылдың аралығында 26 мектепте күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Биыл қаладағы 227 мемлекеттік мектептің 159-ы жөндеу жұмысымен қамтылады.
«Балалардың қауіпсіздігі мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Бүгінде Алматыдағы барлық мемлекеттік мектептер 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен, дабыл түймесімен және полицияның Жедел басқару орталығымен біріктірілген турникеттермен қамтамасыз етілген», – деді спикер.
Білім беру ұйымдарында 17 570 бейнебақылау камерасы, 227 дабыл түймесі және 1 300-ден астам кіруді бақылау жүйесі орнатылған.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу және қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында пилоттық режимде Target Eye жүйесі енгізіле бастады. Алатау ауданындағы он мектепте жасанды интеллект төбелес пен ықтимал жанжалды автоматты түрде анықтауға көмектеспек.
Сондай-ақ «Мектеп автобусы» жобасы аясында бүгінде қала бойынша 65 мектеп қамтылып, 13 539 оқушы тасымалданады. Бұл жұмысты 295 автобусы бар автопарк мойнына алған.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі