2026 жылғы өрт қаупі жоғары маусым қарсаңында Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі орманды қорғау жүйесін жаңартты. Мұнда жаңа орман өрт сөндіру стансасы салынды, өртті ерте анықтайтын бейнебақылау жүйесі іске қосылды, материалдық-техникалық база жаңартылып, ауқымды профилактикалық іс-шаралар жоспары әзірленді.
Бұл туралы Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Іле-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің орман өрт сөндіру станциясының басшысы Дәулет Жетпісбаев айтты.
Оның айтуынша, басты мақсат – өрт шыққан жағдайда оны жедел сөндіру ғана емес, оның алдын алу.
«Өрт қаупі жоғары маусымға дайындық аптап ыстық басталмай тұрып қолға алынады. Биыл өртке қарсы жолдарды жөндеу, минералдандырылған жолақтар жасау және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу секілді бірқатар профилактикалық іс-шара жоспарланған. Негізгі мақсатымыз – орман өрттерінің алдын алып, ұлттық парктің бірегей табиғатын сақтау», – деді Дәулет Жетпісбаев.
Жыл ішінде ұлттық парк мамандары 90 шақырым өртке қарсы жолды жөндеуді, 294 шақырым өртке қарсы алқаптарды ретке келтіруді, таулы аймақтардағы 22 өрт бақылау мұнарасын қалпына келтіруді және 20 тікұшақ қонатын алаңды жөндеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, тау беткейлеріндегі сегіз өрт қауіпсіздігі туралы ескерту жазуы жаңартылып, 10 жаңа ақпараттық тақтайша орнатылады.
Бұдан бөлек, парк қызметкерлері тұрғындар мен туристерге арнап 2 727 дәріс, семинар және түсіндіру кездесуін өткізеді. Сондай-ақ 6 610 ақпараттық жадынама таратылып, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде 95 нұсқама мен ескерту беріледі.
Дайындық жұмыстары Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына сәйкес жүргізіліп жатыр. Ұлттық парк өз іс-қимыл жоспарын бекітіп, барлық филиалдарға өрт қаупі кезеңіне дайындық бойынша нақты міндеттер жүктеген.
Өрт сөндіру техникасы, құрал-жабдықтар мен қажетті мүлік толық тексеріліп, барлық күштер мен құралдар дайындалды. Сонымен қата,р Алматы қаласы және Алматы облысы Төтенше жағдайлар департаменттерімен өзара іс-қимыл тәртібі бекітіліп, жер пайдаланушылармен бірлескен жұмыстар ұйымдастырылған.
«Материалдық-техникалық базаны нығайтуға ерекше көңіл бөлдік. Екінші үлгідегі жаңа орман өрт сөндіру стансасы пайдалануға берілді. Құрамында 32 қызметкері бар өрт сөндіру жасағы құрылып, жанар-жағармай қоры жасақталды. Бұл өрт ошақтарына жедел әрекет етуге және ұлттық парк аумағын тиімді қорғауға мүмкіндік береді», – деді спикер.
Қазіргі таңда Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінде 69 қызметтік кордон, 22 өрт бақылау мұнарасы, 22 тікұшақ алаңы және қолжетуі қиын аумақтарға жетуге мүмкіндік беретін 123 қызметтік жылқы бар.
Дайындықтың маңызды бағыттарының бірі – орман өрттерін ерте анықтайтын заманауи жүйені енгізу. Ақсай, Медеу, Талғар және Түрген филиалдарында 15 антенна-діңгек құрылғысы орнатылды. Қазір тәулік бойы орман қорын бақылайтын 13 бейнекамера сынақ режимінде жұмыс істеп тұр.
Орталық жедел басқару орталығы да толық іске қосуға дайын. Мұнда құрылыс және монтаж жұмыстары аяқталып, операторлардың жұмыс орындары жабдықталған, заманауи байланыс және есептеу техникасы орнатылған. Орталық алты монитормен және екі автоматтандырылған жұмыс орнымен жабдықталған. Мамандар бейнемониторинг жүйесімен жұмыс істеу бойынша арнайы оқудан өтті.
«Заманауи технологиялардың көмегімен өрт ошақтарын әлдеқайда ерте анықтай аламыз. Қазірдің өзінде бейнекамералар тәулік бойы жұмыс істейді, ал Орталық жедел басқару орталығы орман қорын үздіксіз бақылауда ұстап отыр. Өрт неғұрлым ерте анықталса, оны бастапқы кезеңде ауыздықтап, ірі шығынның алдын алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады», – деді Дәулет Жетпісбаев.
Өрт қаупі жоғары маусым басталғалы ұлттық парк аумағында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың сегіз дерегі тіркелді. Әкімшілік материалдарды қарау нәтижесінде құқық бұзушыларға жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды.
Мамандардың айтуынша, өрт маусымына дайындық жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Негізгі назар орман өрттерінің алдын алуға, өртті ерте анықтау жүйесін одан әрі дамытуға, материалдық-техникалық базаны нығайтуға және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейтуге аударылған. Бұл шаралардың барлығы Іле-Алатауы ұлттық табиғи паркінің бірегей табиғатын сақтауға және өңірдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі