Өткен оқу жылында Алматыда балалар арасындағы буллингке қатысты 457 өтініш тіркелді. Оның барлығы сенім телефоны, 111 бірыңғай байланыс желісі мен консультациялық алаңдар арқылы келіп түскен. Мамандар әрқайсысын тексеріп, қажет болған жағдайда психологтар, әлеуметтік қызметкерлер мен басқа да бейінді қызметті осы іске тартқан. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қаласы балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Жанат Айтпаева осылай деді.
Оның айтуынша, буллинг мәселесі әлі де балалардың қауіпсіздігіне төнетін ең үлкен қауіп болып отыр. Сондықтан қазір мұндай жағдайға ден қоюмен қатар, оның алдын алу жұмысына да көп көңіл бөліне бастаған.
Тек 2025 жылдың өзінде Алматы мектептерінде буллингтің ықтимал жағдайлары туралы 638 хабарлама тіркелген. Әр өтініш мұқият тексеріліп, балалар мен жанжалға қатысушыларға психологиялық әрі педагогикалық көмек көрсетілген. Буллингтің расталған алты фактісі бойынша кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар мектептерде профилактикалық жұмыс та күшейді. «DOSBOLLIKE» бағдарламасы аясында буллинг пен кибербуллингтің алдын алуға арналған 112 мыңнан астам сабақ өткізілді. Оған 314 мыңнан астам оқушы қатысты. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында психологтар, әлеуметтік педагогтер мен медиация қызметтері жұмыс істейді.
«Біз әр баланың буллинг туралы бірден мұғалімге немесе мектеп әкімшілігіне айтуға дайын болмайтынын жақсы түсінеміз. Сондықтан балалардың көмек сұрай алатын бірнеше қауіпсіз арнасының болуы өте маңызды. Бүгінде олар 111 бірыңғай байланыс орталығы, сенім телефондары және Психологиялық қолдау орталығы арқылы көмекке жүгіне алады. Біз бұл жүйені әрі қарай да дамытып, әр бала кез келген мәселе туралы қауіпсіз түрде хабарлап, оның үні естілуіне жағдай жасаймыз», – деді Жанат Айтпаева.
Басқарма басшысы ата-аналар мен заңды өкілдер балалардың құқығын қорғау басқармасына жеке өзі, жазбаша түрде, e-Otinish порталы арқылы немесе өтініш қабылдаудың басқа да ресми арнасы арқылы жүгіне алатынын еске салды. Барлық өтініш заңнамаға сәйкес тіркеліп, қаралады. Егер қосымша тексеру қажет болмаса, өтініш 15 күнтізбелік күнге дейін қаралады. Ал көшпелі тексеру жүргізу немесе басқа мемлекеттік органдардан мәліметтер сұрату қажет болған жағдайда қарау мерзімі 30 күнтізбелік күнге дейін ұзартылуы мүмкін.
«Егер сіз баланың құқықтарының бұзылғанына куә болсаңыз немесе оған көмек қажет екенін байқасаңыз, 111 бірыңғай нөміріне дереу хабарласа аласыз. Үйлестіру орталығы өтінішті «бір терезе» қағидаты бойынша қабылдап, психологтарды, әлеуметтік қызметкерлер мене басқа да қажетті қызметтерді жедел түрде іске қосады», – деп түйіндеді Жанат Айтпаева.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі