Алматыда «Медеу» биік таулы спорт кешенінің инженерлік желілерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Нысан тарихында соңғы онжылдықтарда қолға алынған ең ауқымды техникалық жаңару. Басты мақсат - кешеннің ішкі жүйелерін заман талабына сай жетілдіру барысында оның тарихи сәулетін қаз-қалпында сақтап қалу талабы қатаң ескеріледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы Құрылыс басқармасының басшысы Нұрбол Нұрсағатов мәлімдеді.
ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасының алдын ала тізіміне енген аңыз мұз айдынының бірегей болмысы мен сыртқы келбетіне еш нұқсан келмейді.
Ауқымды жоба аясында 10,5 мың шаршы метрді құрайтын мұз айдынының технологиялық плитасы мен салқындату жүйесі түбегейлі жаңартылады. Жаңа қондырғылар күн +15 °C-қа дейін жылынса да, мұздың сапасын мінсіз деңгейде ұстап тұруға қауқарлы. Сонымен қатар, инженерлік жұмыстар кешеннің үнемділігін арттырады: процестерді автоматтандыру және жылыту жүйесін газға көшіру арқылы энергия тұтыну көлемі 25–30%-ға азаяды.
Спорттық инфрақұрылым да халықаралық талаптарға сай қайта жасақталып жатыр. Шығыс мінбердің (трибунаның) астынан төрешілер бөлмесі, допинг-бақылау аймағы және әрқайсысы 50 шаршы метрлік 8 арнайы киім ауыстыру орны ашылады. Ал жаңартылған «Медеу» қонақүйі бір мезетте 140 спортшыны қабылдай алады.
Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі