Алматыда суық сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің тарифтерін түзетуге бірқатар фактор себеп болды. Атап айтқанда, пайдалану шығындарының өсуі, инфрақұрылым көлемінің ұлғаюы, қызметкерлердің еңбекақысына жұмсалатын шығындардың артуы және инвестициялық міндеттемелердің орындалуы тарифтерді қайта қарау қажеттілігін туындатты.

Пайдалану шығындарының өсуі

Сумен жабдықтау және су бұру – электр энергиясын көп қажет ететін өндірістік үдерістер. Тариф құрылымындағы электр энергиясының үлесі шамамен 20 пайызды құрайды. Сонымен қатар реагенттерге, материалдарға, қосалқы бөлшектерге және жабдықтарға жұмсалатын шығындар да өсті.

Еңбекақы төлеу

Тарифті түзету су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің еңбекақы деңгейін электр және жылу энергетикасы салаларындағы еңбекақы деңгейіне сәйкестендіру қажеттілігін де ескереді.

Жаңа инфрақұрылым

Соңғы екі жылда мекеме теңгеріміне бірқатар инфрақұрылымдық нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде:

  • 32 кәріз сорғы станциясы;
  • 6 сорғы станциясы;
  • 9 таза су резервуары;
  • 18 ұңғыма;
  • 385,68 км су құбыры желісі;
  • 374,66 км кәріз желісі.

Жаңадан іске қосылған нысандарды күтіп-ұстау электр энергиясына, техникалық қызмет көрсетуге, жөндеу жұмыстарына және қызметкерлерге жұмсалатын қосымша шығындарды талап етеді. Бұл шығындар қолданыстағы тарифте көзделмеген.

Инвестициялар

Инфрақұрылымға түсетін жүктеменің артуы және желілер мен нысандардың тозуы оларды реконструкциялау, жаңғырту және жаңарту жұмыстарын жүргізуді талап етеді.

Тарифтің инвестициялық құрамдас бөлігі 30 пайыздан асады. Бұл қаражат инфрақұрылымды, оның ішінде су құбыры және кәріз желілері мен тиісті құрылыстарды жаңартуға және дамытуға бағытталады.

Тарифті түзету сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз етуге, сондай-ақ Алматының қарқынды дамуына байланысты инфрақұрылымды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Байланыс телефондары: +7 (727) 227-60-24, +7 (775) 681-23-32, +7 (702) 100-27-65 almatysu.kz.

Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі